ҚР VI шақырылымдағы депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының жастарымен кездесті.
Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында сенаторлар көпшілікке өздерінің жұмыс барысы туралы ашық ақпараттармен бөлісті.
Сенаттың VI шақырылымдағы құрамы шілде айында демалысқа шығып, аймақтағы жергіліктегі халықпен кездесу жоспарланған. Шымкенттен сайланған депутаттар Сенатта қаралып, қабылданып жатқан заңнамаларды сөз етті. ҚР Сенатының ішінде 6 комитет бар болса, Нұрлан Құдиярұлы — Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау комитетінде, ал Айгүл Жарылқасынқызы — Әлеуметтік сала комитетінде қызмет атқарады.
— Бір жылдың ішінде Мәжіліс мақұлдаған 83 заң қаралып, оның 82-сі Мемлекет басшысының жарлығымен қабылданды. Зерделеуді қажет ететін кей заңдарды Мәжіліске коллегиялы түрде шешім қабылдап, кері қайтарамыз. Арасында көше бойындағы жарнамалар, әуе тасымалдаушы компаниялардың қызмет көрсетуі, әлеуметтік көмек, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты мәселелер талқыланды, — деді Н. Бекназаров.
Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты Айгүл Жарылқасынқызы жауап берді.
— «АӘК-ке байланысты «бәрібір бермейді» деген сияқты пессимистік көзқарастан арылу керек. Ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарап тағайындау әлемдік тәжірибе бойынша зерттеліп, қабылданған. АӘК сіз қиналғанда демеп жіберу үшін беріледі. Оны өмір бойына беріледі деп ойламау керек, — деді А. Қапбарова.
«Еріктілер» лигасының жастары еріктілерге қандай мемлекеттік қолдау болатынын сұрады. Халық қалаулылары зайырлы мемлекет ретінде Заңмен бекітетін мәселенің біразын талқыға салды.