Шымкент қаласы тұрғындарының арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында 2019 жылдың 5 тамызы күні сағат 16:00-да Сұлтанбек Қожанов көшесінде Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік полкі қызметкерлерінің қатысуымен «Шымкент – адалдық алаңы» жобасы аясында «Адалдық жолында» атты кезекті рейд өтті.
Рейд барысында жолда жүру ережелерін бұзған жүргізушілерді тоқтатқан кезде, полиция қызметкерлері өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткеннен соң, жүргізушінің жолда жүру ережесінің нақты қай бабын бұзғандығын айта келіп: «Бұл құқықбұзушылық жүргізуші куәлігін алып қоюға негіз болмайды және пара беру мен пара алу ҚР заңнамасына сәйкес қатаң жазаланады», – деп арнайы ескертіп жүрді.
Жеті бағытта шыққан жеті экипаждың бірімен біз де жолға шықтық. Бізбен бірге Шымкент қалалық полиция департаменті патрульдік полкінің 4-рота қызметкерлері, полиция аға сержанты Бағлан Сырбаев пен полиция старшинасы Ғазизбек Кирбасов бірге шықты. Бұл рейд аталған полиция қызметкерлерінің өз ісін жақсы меңгергендігін, жұмыстарына деген кәсіби деңгейін және жүргізушілермен сөйлесу сыпайылығын аңғартты.
Шараға «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, БАҚ өкілдері мен блогерлер, сондай-ақ қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері және арнайы мониторинг тобының мүшелері қатысты.
(Ә.Ә.)