Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы «Nur Otan» партиясымен бірлесіп «Бос жұмыс орындарының» жәрмеңкесін ұйымдастырды, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі А.Жаппардың материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz».
Онда екі қолға бір күрек іздеген жандарға 1600-ға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды.
– Жәрмеңкеде тұрақты жұмысқа, Жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар мен жұмыспен қамту орталығында беріліп жатқан мемлекеттік гранттар, атаулы әлеуметтік көмек бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бір сағат ішінде 150 азаматқа жолдама үлестірілді. Педагог, дәрігер, құрылысшы, аграрлық сектор бойынша мамандар сұраныста. 1600 бос жұмыс орынына жолдама беріледі. Ал Жастар жылына орай 2017-2019 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған жастарға «Жастар практикасымен» 2000 орын қарастырылып отыр, — дейді Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушысы Әсет Шағдат.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге арналған кешенді жоспарының орындалуында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы (әрі-қарай — Бағдарлама ) аясында 2019 жылдың 7 айдың қорытындысы бойынша 15 582 адам жұмыспен қамту шарасымен қамтылса, оның ішінде 29 жасқа дейінгі 7 405 жас жұмысқа орналасқан.