Ерлан Айтаханов Шымкент әкімі қызметіндегі алғашқы жеке қабылдауын өткізді, деп хабарлайды «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала басшысымен кездесуге келген тұрғындар екі сағат уақыт аралығында сапалы электр жарығы, коммуналдық төлемдер, тұрғын үй, жер мәселесі мен әлеуметтік көмектер бойынша өз өтініштерін жеткізді.
Жеке қабылдауда болған 10 азаматтың өтінішін тыңдаған әкім айтылған өтініштерді заң аясында шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Сонымен бірге әр мәселеге байланысты жауапты сала басшыларына тиісті шараларды дер кезінде қабылдау туралы тапсырма берді.
Айта кетейік, ресми сайт арқылы әкімге жазылуға болады. Шымкент қаласы әкімінің атына жолданатын өтініштегі көтерілген мәселеге дер кезінде көмек көрсету мақсатында қала әкімінің баспасөз қызметі барлық сауалдарды әкімдіктің ресми shymkent.gov.kzсайтындағы «Виртуалды қабылдау» арқылы жолдауды сұрайды. Сайттағы «Виртуалды қабылдауға» алдымен өзіңіздің мәліметтерді толтырып, тіркелу қажет.
«Виртуалды қабылдау» мен WhatsApp телефоны (87778858513) нөміріне және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, нөмері 10 мекенжайында орналасқан «Халықтық кеңсе» арқылы қабылданып, тиісті мерзімде заң аясында жауап берілетінін хабарлайды.