Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСІП, ПІКІР АЛМАСТЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСІП, ПІКІР АЛМАСТЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов БАҚ өкілдерімен кездесті, деп жазады «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz».

Еркін форматта өткен жиында ұлттық идеология, мегаполисті дамыту мәселелері, жастар тәрбиесі төңірегінде журналистер қауымының ұсыныстарын тыңдап, пікір алмасты.

Шаhар басшысы негізінен инфрақұрылымды дамыту, баспанамен қамту, руханиятқа көңіл бөлу өзекті екенін айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.

— Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімшілік тұрғыда бөлінгенімен бір-бірімен байланысы артып, ынтымақ-бірлігі нығайып, руханияты дами бермек. Елбасы Жарлығы екі өңірдің бір-бірін қолдап, бірлесе дамуына зор серпін бергенін түсінуіміз қажет. Келесі жылы Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы атанып, ел көлемінде Абайдың 175 жылдығын атап өтеміз. Міне, сол себептен жастар тәрбиесіне көңіл бөлу, Абайдың ұлағатын ұрпақ бойына сіңдіру, сондай-ақ мемлекеттік сананы нығайтуда бірлесе жұмыс істеуіміз керек, — деді қала әкімі.

Ерлан Қуанышұлы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, алда мәселелерді бірлесе шешуге шақырды. Журналистер қауымымен тұрақты кездесіп тұратынын да мәлімдеді.

Пікір жазу