Жайдары жаздың шілде айы да аяқталып, тамызға өтіп барамыз. Қырық күн шілденің де бітер кезі таяу. Жалпы, биылғы шілде өзінің ми қайнатар ыстық күндерімен есте қалды. Аптап ыстық шымкенттіктерді әбігерге салмай қоймады…
Шымкентте жаз айларында жедел-құтқару бекетінде 100 құтқарушы жұмылған, деп жазады «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі.
Жадыраған жаз айын көп адам демалыспен өткізетіні жасырын емес. Тіпті, сенбі, жексенбі күндерінің өзінде табиғат аясына шығып, тынығуға лайықты жер іздеуге тырысады. Демалушылар күннің көзінен қалқалайтын жасыл желек жанға сая деп, көлеңке іздесе, қалғаны суға сүңгуді құп көреді.
Ал осы шомылу маусымында жазатайым оқиғалар орын алып жататыны тағы бар. Десек те, Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті мамандарының шомылуға рұқсат етілмеген орындарда өткізілетін бірлескен рейдтері мен үздіксіз жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде болар, биыл судағы жазатайым оқиғалар тіркеле қоймады (2018 жылы 4 жазатайым оқиға тіркеліп, 4 адам қайтыс болды, оның ішінде 2 бала бар).
– «Қауіпсіз жаз» акциясы мамыр айында басталып, қалада ауқымды түрде өткізілуде. Су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала аумағында 248 ескерту және тыйым салу белгілері, 10 билборд орнатылды, жергілікті полиция қызметімен бірге 44 рейд өткізілді, 20 мыңнан астам жадынама табыс етілді.
Қалада бүгінгі таңда 3 су айдыны орналасқан, оның ішінде 2 су қоймасы (Тоғыс, Бадам), 1 өзен (Қошқар ата), Бадам, Тоғыс су қоймаларында орналасқан 2 демалыс орнын жеке кәсіпкерлер жалға алған. Тыйым салынған жерлерде шомылу ережелерін бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБК 364-бабы 1-тармағы) әкімшілік бұзушылықтар туралы 35 хаттама толтырылды (ескерту түрінде).