Шымкенте «Жас кәсіпкер» жобасы аясында өткізіліп жатқан бизнес-тренингке қатысушының бірі – Жадыра Манапова Нұр-Сұлтан қаласынан келіпті. Бірақ туып-өскен әрі тіркеуде тұрған жері – Шымкент қаласы. Сабақ көңілінен шығып жатқанын айтады. Өзі «Мирас» университетін екі шет тілі мамандығын бітірген. Ағылшын және француз тілі бойынша. Үш жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласында ағылшын тілінен мұғалім болып сабақ беріпті. Алты айға Мәскеуге барып, тегін білім алып та қайтқан. Енді осында курста білім алып, кәсіп ашуды жоспарлап отыр.
– Жоба туралы әлеуметтік желіден хабардар болып, келдім. Өзім секілді жастар қатысып жатқандықтан, мен де қатысуға бел байладым. Сабаққа күннен-күнге қызығушылығым артып келеді. Бизнес-жобалардың түрлі мүмкіндіктерін талқылап жатыр едік. Күнделікті қызықты жаңалықтар, керекті дүниелерді үйренудеміз.
Кейбір идеяларға өзіміздің идеямызды қосып дегендей. Енді өз кәсібімді ашуды мақсат етіп отырмын. Білім беру орталығын ашсам ба деймін. Мектепке дейінгі даярлық, ағылшын тілі, математика, арифметика, домбыра, шахматты үйрету сияқты орталықты ашу идеясы қызықтыруда, – дейді өзі.
Бәрінің де ынтасы зор. Грант алып, кәсіп бастау ниеті барын аңғардық. Жалпы «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылар 16759 теңге көлемінде шәкіртақы да алады. Шымкент қаласына биыл 4 мың грант бөлініп отыр.