Шардара аудандық халық денсаулығын үйлестіру Кеңесінің шешімі бойынша аудандық орталық ауруханада оқу-жаттығу жұмысы жүргізілді. Оқу-жаттығу жұмысы негізінен әлемді алаңдатып отырған коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін деген азаматқа алғашқы кезекте қандай медициналық жәрдемдер көрсетілетіні жөнінде өтті. Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.
Оқу-жаттығу іс-шарасы былайша өрбіді. Кеше ғана Қытай мемлекетінен оралған шардаралық бір азамат таңертең тұрғанда өзін жайсыз сезініп, ыстығы көтерілген соң жедел-жәрдемге қоңырау шалады. Науқастың коронавирус инфекциясымен сырқаттанған азамат болуы мүмкін екені анықталған соң медицина қызметкерлері шұғыл түрде іске кіріседі. Жедел-жәрдем бригадасының қызметкерлері арнайы қорғаныс құралдарын киініп, қоңырау шалған науқастың мекен-жайына аттанып кетеді. Науқасты жедел түрде орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің қарқынды емдеу палатасына алып келіп орналастырады. Науқастан қалай ауырғаны жөнінде қайталап сұрап, мұрынның шырышты қабатынан, ауыздан, жұтқыншақтан белгіленген тәртіп бойынша сынама алынады. Науқасқа коронавирус кеселімен ауыруы мүмкін деген диагноз қойылып, бөлімше меңгерушісі ереже бойынша тиісті орындарға хабар береді. Науқасты оқшаулаған соң оны алып келген жедел-жәрдем тобының қызметкерлері басқа бөлмеге барып, үстеріндегі қорғаныс құралдарын белгіленген тәртіп бойынша шешіп, науқасты тасымалдаған жедел-жәрдем көлігін дезинфекциялап шықты.
Оқу-жаттығу жұмысына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев іс-шараның басынан-аяғына дейін болып, қарқынды емдеу палатасын, 2 бокс пен 20 койкалық төсек-орындарды аралап көрді. Оқу-жаттығу шарасына аудандық орталық аурухана қызметкерлері мен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының және аудандық обаға қарсы стансасының қызметкерлері тартылды.
–Қазақстан Республикасының территориясында коронавирустық инфекциясының жаңа түрі («2019 – nCoV») таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігі мен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Комитетінің 2020 жылғы 3 ақпандағы бірлескен Қаулысы негізінде коронавирустық инфекцияны анықтауға байланысты санитариялық эпидемияға қарсы санитариялық-профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру алгоритмі жасалды. Осы алгоритм негізінде бүгінгі күні коронавирус ауруына шалдығуы мүмкін сырқатқа көрсетілетін көмек бойынша оқу-жаттығу жұмысы жүргізілді.
Жалпы, коронавирус кеселінің алдын алу бойынша Шымкент қаласындағы Медициналық академиядан екі лектор келіп, ауданда семинар сабақтарын өтті. Одан бөлек, өзіміз тарапымыздан каскадты түрде барлық медицина мекемелерінде коронавирус сырқатына байланысты оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Қазіргі таңда Шардара ауданы бойынша Қытайға барып келген 16 азамат тіркеуге алынып, оларға күнделікті бақылау жұмыстары жүргізіп жатыр. 14 күндік тексеру кезінде қауіпті дерттің күдіктері табылмаса ол азаматтар сырқаттан аман болып табылады. Бүгінге дейін ондай қауіпті белгілер жоғарыдағы 16 азаматтың ешқайсысынан білінген жоқ. Яғни, біздің ауданда қауіпті дертті жұқтырған азаматтар жоқ, — деді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Мейрамбек Дәрменов.