Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » Ж.Түймебаев Оңтүстік жұртшылығымен тікелей эфирде тілдесті

Ж.Түймебаев Оңтүстік жұртшылығымен тікелей эфирде тілдесті

Қазақстан ашық қоғам орнатуға батыл қадам жасады. Әкім бол, халқыңа жақын бол! Байтағымыздың бас арнасы – «Қазақстан» ұлттық арнасы қолға алған «Әкім сағаты» жобасының кезекті саны ұлысымның ұйытқысы Оңтүстікте болып өтті. Кешкі сағ. 19.00-ден бастап, «Қазақстан – Шымкент» арнасының тікелей эфирінде 3 миллионға жуық халықтың ортақ, көкейкесті сұрағына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жауап берді.

Мемлекеттік қызметтегі жариялылық. Ақпаратқа қол жеткізу туралы Заң талаптарының сақталуы. Елімізде қолға алынған «Әкім сағаты» жобасының көздегені де осы. Халық пен билік арасында алтын көпір қалыптастыру. Жансейіт Түймебаев… Биліктегі 8 ай… Бірнеше елмен сыртқы сауда-экономикалық байланыс бекіді. Оңтүстікқазақстандықтар Түркиямен ашық форматта әңгімелесе алады. Мұғалімдердің, дәрігерлердің, жергілікті басқару өкілдерінің Ататүрік еліне сапары. Өзбекстанмен қалыпқа келген қатынас. Іскерлік саладағы қоян-қолтық байланыс. Рухани дүниеде түркі жұртымен бір тұғырға жұмылу. 50 мың ұсақ шаруашылықтың  400 кооперативке бірігуі, Араб елдеріне шығатын ет эспортын еселеу, қайта өңдеу ісін жолға қою, Солтүстік облыспен әуе қатынасын орнату, еңбек рыногінің тепе-теңдігін қалыптастыру үшін теріскейге көш бастау, жастарды «Серпін» бағдарламасымен оқыту, туған жер тұлғаларын елді түлетуге үндеу… осы игі істердің басы-қасында қазіргі өңір басшысы тұрады. Бүгінгі эфирде назын айтқаннан, алғысын жолдағандар көп.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілілік». Жолдау аясында ауқымды істер атқарылған. Аграрлық секторда соны серпін бар. Мал бордақылау бойынша 5000 бас ірі қараны жемге қойған «Қайып ата» кооперативінің тәжірибесі өзге шаруаларға насихатталуда. Құс шаруашылығы бойынша Әбілқасым Досболов қолға алған шаруашылық негізінде 26 кооператив бірігуде. Ал, әлеуметтік салада алдағы 4 жылдың маңызы ерек. Қазір елдімекендердің 73 пайызы таза ауыз сумен қамтылса, бұл көрсеткіш әрмен еселенеді. Облыс халқы 2021 жылға қарай 96 пайыз көгілдір отынмен қамтылады. Келесі маңызды мәселе тұрғындарды баспанамен қамту болып отыр.

Құрылыс демекші, мектеп оқушыларының да өзекті мәселесі шешіледі. Алдағы 4 жылда 205 мектеп салынады. Көп істе билік-бизнес әріптестігін тиімді пайдалану жоспарда бар. Осының арқасында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткішін 3 жылда 100 пайызға жеткізуге болады. Жалпы, әлеуметтік құрылыс салу бағытында 31 жоба бекітілген. 5 білім беру, 8 спорт нысаны бой көтереді. Жастарды салауатты өмір салтын сақтауға үндеу, кереғар діни ағымдардан арашалау, жұмыссыздық мәселесін шешу, ҰБТ қарсаңында дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру де негізгі назарда болады.

«Әкім сағаты» хабарының алғашқы 40 минутында көрерменнен 100-ден астам сұрақ келіп түсті. 37 сауал электронды пошта арқылы жолданды. Ватс ап желісі де тиімділігін аңғартты. Облыс жетістігін жергілікті тұрғындар ғана емес, еліміздің батысы мен  солтүстігіндегі жұрт та жылы жеткізді. Ақтаулық көрермен оңтүстіктің туристік әлеуетін жоғары бағалады. Республика жұртына Сарыағаш, Манкенттің жарнамасы жарап тұр. Түстік гидтері Маңғыстау өңіріне жол салса, – дейді.

Сұрақтар білім, денсаулық саласына, коммуналдық қызмет түйткілдеріне де қатысты болды. Бағдарлама барысында мемлекетіміздің үшінші жаңғыру реформасы да әңгімеге өзек болды. Тарихи тамыры, ұлттық уызынан ажырамаған оңтүстік облыста Қазақстандағы қиелі жерлердің 80 пайызы орналасқаны айтылып, осыны туризмнің табысты ісіне айналдыру тетігі айтылды.

Бір жарым сағатқа созылған хабарда сұрақтардың легі толастаған жоқ. Көптің көксегені – өңір жетістігін көру. Бұл мақсат – билік жоспарындағы мүдде. 2017 жылы да аймақ экономикасын әртараптандыру мақсатында маңызды индустриялық жобалар жүзеге аса бермек. Азаматтарды жұмыспен қамту ісі де жаңа сипатқа ие болады. Негізгі меже – ұлт рухын оятып, елді, жерді сүюге үндеу, осы жолда Елбасы мақаласын қолдау болмақ.

Хабар уақытынан тыс қалған сұрақтар да жауапсыз қалмайды. akimgesurak@gmail.com электронды поштасы Сіздерге ашық!

ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы

Пікір жазу