Қазақстандық оқушылар әдеттегідей 25 мамыр күні жазғы демалысқа шығады, деп жазады Sputnik Қазақстан. Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 4-8 мамыр аралығында бөлім бойынша жиынтық бағалау, ал 18-22 мамыр аралығында тоқсандық жиынтық бағалау болады. 25 мамыр күні барлық оқушылар жазғы демалысқа шығады. Еске сала кетсек, коронавирус пандемиясына байланысты оқушылар төртінші тоқсанды қашықтықтан оқып жатыр. Соңғы тоқсанда оқушылар бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды бір реттен ғана тапсырады. Қорытынды аттестациялық емтихан өткізілмейді. Аттестатқа жылдың қорытынды бағалары қойылады. Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімі өзгерген жоқ.