Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Бәйдібек ауданында болып, ауданға жаңа әкім тағайындады. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Бәйдібек ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Ержігіт Шәріпбековтің кандидатурасына аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау білдірді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жаңа әкімді аудан активіне арнайы таныстырған Өмірзақ Естайұлы оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, қызмет барысында Мемлекет басшысы бекіткен бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты. Аймақ басшысы 4 жылдан бері ауданды басқарып, өңір дамуына өз үлесін қосқан Бақытбек Танагөзовке алғысын білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
«Бәйдібек ауданына үлкен жауапкершілікпен қараймын. Аудан өте жақсы. Халқы өте жайдары. Жаңа әкімдеріңіз жас та болса бас болып жүрген азамат. Бірнеше қызметте болған іскер азамат. Жаңа буын өкілі. Мемлекет саясатын жүзеге асырып, елдің әл-ауқатын көтеруге аянбай жұмыс істейтініне тілектеспін. Ауданның даму көрсеткіштері нәтижелі. Жұмысты үйлестіруде жаңа тағайындалған әкімнің тәжірибесі мен біліктілігі жетеді деп ойлаймын. Ал, ол үшін осындағы ел ағалары, ақсақалдар әкімге қолдау көрсетіп, ынтымақты жоғары орынға қойғаны абзал. Аудан тұрғындары көгілдір отынмен қамтылған. Алда жастарға қолдау көрсетіп, ауданның дамуына ерекше леп беретініне сенімдімін», – деді облыс әкімі.
Ержігіт Шәріпбекұлы 1982 жылы Бәйдібек ауданында туған. Білімі жоғары, біліктілігі құқықтану және жергілікті мемлекеттік басқару.
Еңбек жолын 2000 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер органдары қатарында қызмет атқарып бастаған.
2000 – 2005 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі Істер органдары қатарында қызмет атқарған.
2005 – 2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында «Сайрам сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассиры, директоры болып еңбек еткен.
2013 жылдан бері Сайрам ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
© DIDARBEK.kz