Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ҚАБЫЛДЫҢ «ҚАРА ТІЗІМІ»

ҚАБЫЛДЫҢ «ҚАРА ТІЗІМІ»

Басқа-басқа, мен Қабыл досыма ризамын. Қайда жүрсе де, не істесе де – еш сыр бермейді. Тек қана «бәрекелді» дейсің. Өзі ОҚО сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы. Ақпаратты қамтамасыз етсе де, ешкімнің ол жөнінде білмегенін қалайды. Ешкімге қиянат та жасамайды. Өйткені, адам жылатқаны ештеңе емес, Алла жылатпағаны жақсы екенін одан жақсы ешкім білмейді. Өте «таза» жан! Бірақ, әріптестерімізді «қара тізімге» енгізетін де, одан шығарып тастайтын да Қабыл емес екеніне көзіміз жеткен жоқ. Кім екенін Қабылдан сұраудың да қажеті жоқ, ол оны ешқашан айтпайды. Тек қана: «Бізде қара тізім жоқ!» дегенді алға тарта салады.

Ендеше, сол «жоқ» қара тізім көптеген әріптестерімізді облыстық соттағы жаңалықтардан мақұрым қалдырып жүр. Өйткені, маңызды кездесулерге, тағайындауларға Қабылдың командасы шақырмайды! Сирек жағдайда Өзипа Есенәлиевадан біліп отыратынымыз бар. Кейде ренішімізді Өзипаға айтып отырсақ: «Маған не дейсіздер! Менің өзімді де Қабыл ағай кей жиналыстарға қатыстырмайды!» деп зар жылайды.

Сонымен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының бұрынғы төрағасы Нұрсерік Шәріпов аса «жасырын» жағдайда қоштасып кетті. «Жасырын» дейтініміз, Бұқаралаық ақпарат құралдарының өкілдерін ол қоштасуға алалап, іріктеп шақырды. Кейінгі жаңа төрағаны таныстыру жиынына да Қабылдың тарапынан «келіңіздер» деген емеурін болған жоқ. Онда да Өзипа қоңырау шалып: «Сіздер тізімде жоқсыздар, бірақ бүгін болады. Келіңіздер!» деп шақырды.

Бір кездері Қабыл Дүйсенби достарымыздың тізімінде болатын. Ол тізімнен әлі сызылған жоқ. Бірақ бізді «қара тізімнің» қақ төріне енгізіпті. Бәлкім, сот ішінде жасырын тірліктер орын алып жатқан шығар, соларды естіп-біліп қоймасын деген жанашырлығы да болар. Ол жағын білмедік. Қалай болғанда да, Қабылдың «қара тізімі» әзірге құрдымға кететін түрі жоқ.

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы ауысты. 1965 жылғы Нұрсерік Шәріповтің орнына 1973 жылғы Баратбеков келді.
Облыстық соттың жаңа төрағасына сәттілік тілей отырып, баспасөзбен байланыс орнату ісіндегі Қабыл Дүйсенбінің астыртын «қара тізімін» тезірек жоюына тілектестік білдіреміз…

Әсет Әссанди

Пікір жазу