Биік құздан секіріп қол-аяғы сынса да, қылмыскердің қашуына жол бермеген
Жедел уәкілдің жұмысы жеңіл емес. Қылмысты алдын алу мен болдырмау, ашу жұмыстарын жүргізетін тәртіп сақшысы қашанда табанды еңбек етуі тиіс. Сондай-ақ, қоғамды қырағылығымен күзетіп, қанды қол қылмыскерлерді құрықтау ісінде абыройлы қызметімен көрінуі керек.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Нұрдәулет Рүстемнің қашқан қылмыскерді ұстау үшін 30 метрлік құздан секірген ерлігін бүгінде әріптестері аңыз етіп айтып отырады.
— Қызметке енді кіріскен тұста мал ұрлығына қатысы бар күдіктінің соңына қудым. Ол алдындағы отыз метрлік биіктіктен секіріп кетті. Менде соңынан секірдім. Өзім жараланып жатсам да, онымен төбелестім. Қылмыскерді құрықтадым. Нәтижесінде, оның қылмысы дәлелденіп, сот шешімімен жазасын алды. Мен үш рет отаға түсіп, бір өлімнен қалдым – дейді ол.
Нұрдәулет Әбдіхашімұлы өңірдегі ең үлкен пәтер ұрлығының ашылуына да өзіндік үлесін қосқан. Ол күдіктенген Шымкент қаласының тұрғындары облыстағы 50-ге жуық қылмысқа қатысы болып шығыпты.
— Бастықтың тапсырмасымен Шымкентке барып, қылмыстық істі ашу барысымен ақпарат алу жұмыстарын жүргіздім. Таңғы сағат 5/00 де ауданға келіп, қолда бар мәліметтерімді бастыққа баяндадым. Күдікті адамдар туралы айтып, қылмыстардың барысын жеткіздім. Тексердік. Кейіннен Шымкентке барып, күдіктілерді алып келіп, сөйлестік. Тергеу барысында олар жасаған қылмыстарын мойындады. Себебі, біз нақты дәлелдерді көрсеттік. Үш адамның барлығы Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Олардың Сарығаш, Жетісай, Қазығұрт, Ордабасы аудандарында орын алған қылмыстарға да қатысты бары анықталды. Осының негізінде біздің аудан ауыр қылмысты ашу бойынша облыста бірінші орынға шықты – дейді аға лейтенант.
Бүгінде ел ішінде пәтер ұрлығы мен қатар мал ұрлығы да белең алып тұр. Әсіресе, ауылдық жерлерде шаруа отбасының төрт түлігін үпті етіп жүргендер баршылық. Оларды ұстау, жергілікті полиция қызметкерлеріне жүктелген негізгі міндет.
Жедел уәкіл Нұрдәулет Әбдіхашімұлы Орадабасы ауданы Төрткүл елді мекеніне қарасты Қарақұм ауылында орын алған мал ұрлығын 3 күн ішінде ашқан. Қолды болған қойларын тез арада қайтарып алған иесі де полицияның пәрменді жұмысына деген ризашылығын айтып, алғысын білдірген.
— Мал ұрлығы орын алған бірінші күні күдік тудырған көлік иесімен сөйлесіп, біршама дәлел-дәйектерге көз жеткіздік. Екінші күні нақты анықтау ісін жүргіздікте, үшінші күні күдіктіні Бәйдібек ауданынан құрықтап, қойларды тәркіледік – дейді аға лейтенант.
Нұрдәулет Рүстем Келес ауданына қарасты Абай ауылының тумасы. Орта мектепті бітірген соң, ҚР ішкі істер министрлігіне қарасты М.Е.Есболатов атындағы Алматы академиясында «Заңгер» мамандығын меңгерген. Ал, еңбек жолын Ордабасы аудандық полиция бөлімінде жедел уәкіл болып бастаған.
1995 жылғы бозбала бос уақытында спортпен шұғылданады. Жас кезінен спортты жанынан серік еткен ол дзюдо-самбо күресі мен жекпе-жек сайыстарынан спорт шеберіне үміткер. Арасында былғары қолғап киіп, боксқа да барып тұрады. Студент кезінде көптеген республикалық жарыстардан жеңімпаз атанған. Қазір де қолы босаған кезде спорт залда жаттығулар жасап, денесін шынықтырады.
Әкесі Әбдіхашім Әлімқұловта ішкі істер саласының ардагері. Көптеген жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан. Туыстары да шен тағып, бұл салады абыройлы қызметімен көрінуде. Әке жолын қуған Нұрдәулеттің арманы асқақ. Ең бастысы — өз ісінің шебері атанып, халыққа қызмет көрсету. Бұл жолда бүгінде барын салып еңбек етіп келе жатқан оның басшылық тарапынанда алған алғыс хаттары көп.
Тәртіп сақшысы болуды бала кезден армандағы Нұрдәулет қиын жұмысты таңдағанына еш өкінбейді. Қайта халыққа қызмет етіп, көпшілікке көмегі тиіп жатқанын «мамандық алдындағы адалдық» деп біледі.
©Қайрат ЗАЙНИШЕВ