Түркістан облысының полицейлері жұмыс орнынан бірнеше аккумуляторларды ұрлап кеткен жүргізушіні ұстады, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
21.04.2020 жылы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің кезекшілік 102 нөміріне жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Аталған жайт Түлкібас АПБ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып кетеді.
Оқиға орнына жедел жеткен тергеу тобының қызметкерлері үй-үйді аралап, куәгерлерден жауаптар алды. Сондай-ақ металды қабылдау пункттерін тексеріп, басқа да қажетті іс-шараларды жүргізді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері көлік ұрысының ізіне шығып, оны тез арада қолға түсірді. Ол шаруа қожалығында жүргізуші болып жұмыс істейтін жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында жас жігіт түнгі уақыттағы қараңғылық пен ашық тұрған қақпаны пайдаланып, КАМАЗ бен трактордан 4 бірдей аккумуляторды шешіп алып кеткен. Содан кейін ұрланған аккумуляторларды өз үйінің сарайына жасырып қойған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 150 мың теңгені құрады.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық»бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Айғақты заттар мен дәлелдемелер тәркіленді. Ұрланған аккумуляторлар заңды иесіне қайтарылды.
Облыс полицейлері азаматтарға қырағы болуды және өз мүлкін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Тұрғын үйлер мен аулаларды бекітіп, сенімді құлыптармен және жақсы жарықпен жарықтандыру қажеттілігін айтады. Сондай-ақ түнгі уақытта есіктер мен терезелерді мықтап жауып, тіпті аз уақытқа да үй-жайды ашық тастап кетпеуге кеңес береді. Егерде сіз осындай жайттардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз онда міндетті түрде полицияның 102 телефонына хабарласыңыз.
© DIDARBEK.kz