Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » МАҚТААРАЛ: ТАСҚЫН СУДЫҢ ШЫҒЫНЫ ЕСЕПТЕЛУДЕ

МАҚТААРАЛ: ТАСҚЫН СУДЫҢ ШЫҒЫНЫ ЕСЕПТЕЛУДЕ

Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда бұл жұмыстармен Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған Арнайы жұмысшы тобы айналысып жатыр.

Бүгін бұл туралы Мырзакент кентіндегі штабтың баспасөз орталығында Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов мәлім етті, деп жазады облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.

Басқарма орынбасарының айтуынша, қазірдің өзінде 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталған. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрап отыр. Әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көптеп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта егістігі құрса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталыпты.


«Дәл қазіргі таңда 95 маманымыз су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын есептеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптар мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік аз болып тұр. Десек те, тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеп жатырмыз. Біз алдағы уақытта су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақты анықтайтын боламыз», — дейді Тұрғанбек Оспанов.


Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған 7 елдімекеннен яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан 3115 ірі қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Ал суға кетіп өлген мал саны әзірге белгісіз болып отыр. Бұл жұмыстарға тасқын судың әлі де болса тоқтамай тұрғаны қолбайлау болуда.

© DIDARBEK.kz

 

Пікір жазу