Түркістан облысы Сайрам АПБ-не бірнеше жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша көше бойында орналасқан дүкенінің ішіне белгісіз тұлғалар сыртқы есігін сындыру арқылы жасырын кіріп, ерлер джинси шалбарын, спорттық шалбарын, балалар аяқ киімін, шоколад-темекілерін, 80 000 теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткендігін көрсетеді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 000-ға жуық теңгені құрайды. Аталған жайт сотқа дейінгітергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркелді.
Келесі тұрғын болса, үйінің алдында тұрған көлігінің есіктері құлыптанбай тұрғанын пайдаланған күдіктілер автокөлік ішінен ақшасын, флешкасын ұрлап 10 000 теңге шығын келтіргенін жеткізді.
Үшінші тұрғында осындай қылмыстың құрбаны болған. Бұл жолы ұры оның көлігіндегі 140 000 теңге тұратын ұялы телефонын жымқырып кеткен.
Одан басқа да шағымданушы тұрғынның айтуынша, ұры өзіне тиесілі мекемесіне жасырын кіріп, фабриканың ауласынан 35 000 теңге тұратын қара темірлерін ұрлап кеткен.
Сайрам АПБ-нің қызметкерлері орын алған ұрлық қылмыстарын ашу мақсатында жедел-тергеу тобын құрды. Шұғыл әрекетке көшкен тәжірибелі тәртіп сақшылары қажетті шараларды іске асырды. Қылмысты ашып, күдіктіні ұстау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жинақталған ақпарат көздері нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталып, кінәлі азамат тұрғын-үйі жағынан ұсталды. Оның жергілікті тұрғын, бұрын сотты болғаны анықталды. Ол өз кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында күдіктінің жалғасқан ұрлық қылмысын бір өзі жасағаны белгілі болды. Содан, тексеру барысында жоғарыдағыларды қосқанда барлығы 7 ұрлық жайтына қатысы бары айқындалды. Ұрлаған бөтеннің мүліктерін сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратқан болып шықты. Айғақты заттар тәркіленіп алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өз мал-мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Қажетінше аулаңызға бейнебақылау камераларын, дабылқақыштарды орнатыңыздар.
© DIDARBEK.kz