Оңтүстік Қазақстан облысында студент жасақтары құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Жазғы демалыста 500 студент өңіріміздегі құрылыс нысандарында еңбек етіп, мердігер компанияларға қолғабыс ететін болады. Бүгін бұл туралы Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында өткен жұмыссыз жастарды еңбекке тарту мәселесі жөнінде кеңейтілген мәжілісте айтылды.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қ.Жамашев төрағалық еткен шарада жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен мердігер мекеме басшылары және М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 150-ге жуық студенті қатысты.
Мәжілісте сөз алған құрылыс басқармасының басшысы Қ.Жамашев қазірдің өзінде 300 студенттің тізімі жасақталып, жұмысқа кірісіп кеткенін жеткізді
«Студенттік жасақтардың негізгі атқаратын жұмыстары жер қазу, бетон құю, кірпіш қалау, үй төбесін жабу, сылақ жұмыстарын жүргізу. Биыл жасақ сарбаздары облысымыздағы «СитиСтрой», «Ақ ордасы», «Отау-строй» секілді оннан астам құрылыс компанияларында еңбек ететін болады» , — дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қ.Жамашев.
Айта кетейік, 2004 жылдан бастап Шымкент қаласындағы бірқатар мердігер компания басшыларымен келіссөз жүргізіп, студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында студенттік құрылыс жасақтарын еңбекпен қамту жұмыстарын дәстүрлі түрде жүргізіп келеді. Мәселен, 2013 жылы студент жасақтары қатарында 400, 2014 жылы — 458, 2015 жылы — 500 студент еңбекпен қамтылып, жазғы демалыстарын тиімді пайдаланған. Олардың орташа айлық жалақылары 50-70 мың көлемінде төленіп, күніне бір мезгіл ыстық тамақ берілген.
«Жалпы бүгінгі таңда облысымызда 12 жоғары оқу орны бар. Онда білім алып жатқан жастардың саны 70 мыңға жуықтайды. Биылғы студенттік жасаққа тартылған жастардың басым бөлігін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің құрылыс мамандығына оқитын студенттері құрап отыр. Шәкірттер алдын-ала университеттің арнайы өндірістік аймақтарында іс-тәжірибеден өтіп, құрылыс негіздері бойынша оқу курстарында білім алды»,- деді М.Сейтжапаров.
Жиын соңында жасақ сарбаздары қай құрылыс нысандарында жұмыс істейтіндерінен хабардар болып, еңбектерін абыроймен атқаруға уәде етті.