Жетісай ауданы үшін көктем мезгілі нағыз қарбалас шақ. Күн ысып, жер қыза салысымен дихандар мақта және өзге дәнді дақылдарды егуді бастады. Жалпы Жетісай ауданында ауылшаруашылығы мақсатта пайдаланатын 78 мың гектар жер бар. Оның 48 мың гектарына мақта дақылы егіледі. Өнімін күз мезгілінде беретін мақтаны егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп жазады «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Р.Бақытжанқызының материалына сілтеме жасаған «DIDARBEK.kz».
Жетісай ауданы Ынтымақ ауылдық округінің шаруалары көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті. Округтің ауылшарушылығы мақсатындағы жер көлемі 6493.6 гектарды құрайды. Биыл оның 4500 гектарына мақта дақылы егілді. Қалған жерлерге жоңышқа, бақша дақылдары, жүгері, күріш , көкөністер егіледі. Одан бөлек 5 гектардан астам жерге тамшылатып суғару әдісін қолданылады. Былтыр аталмыш округтың дихандары 400 тоннаға жуық жеңілдетілген бағада жанар-жағармаймен тыңайтқыштарын алған.
Әлем елдерін алаңдатқан «COVID-19» індетінің алдын алу мақсатында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, карантиндік режим енгізілді. Адамдар көп шоғырланатын орындар мен базарлар жабылып, бірқатар мекемелердің жұмыстары тоқтатылды. Елдің басына түскен нәубетті сезіне білген ауданның жомарт жүректі азаматтары, кәсіпкерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып елге көмек көрсетуде. Он екі мың тұрғыны бар Асықата кентінде дезинфекциялау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Кентте орналасқан 58 көше аптасына 2 рет дезинфекция жасалады. Облыс көлемінде енгізіліген карантинге байланысты Асықата кентіндегі барлық әлеуметтік нысандар жабылған. Тағамдар тек тапсырыс арқылы жеткізіліп беруде.
© DIDARBEK.kz