Бүгін Түркістан облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының ұйымдастыруымен Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек керуені жолға шықты.
Аталған кереуен ішінде Арыс қалалық мәслихат депутаттары мен мәслихат аппараты ұжымының атынан көрпе-төсек, 2500 тоннадай азық-түлік пен бақша өнімдері бар.
Алдағы кезеңде Мемлекет басшысы тікелей бақылауда ұстап, тұтас Қазақ елі жұмыла көмектесіп жатқан бұл мекен қысқа уақытта қалпына келіп, жаңарған, жаңғырған қала болып, тұрғындарды қуантатыны анық.
Арыс халқы мақтааралдықтардың басына түскен төтенше жағдайды шынайы түсінеді. Жойқын жарылыста дәл осындай үрей мен қорқынышты бастан кешіп, бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігінің арқасында шағын шаһарымыз жаңарған, жаңғырған кентке айналды.
Игілікті істе белсенділік таныту арқылы арыстықтар бірлікке бекем, іргесі бүтін, халқымызға тән бауырмалдық, мәрттік пен мәмілелі іске бастайтын жаңашылдық, жанашырлық қасиеттерін таныта алды.
Мақтааралдықтарға күш-қуат, төзім-сабыр берсін! Бұл қиналған күндер де өтер. Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі.
©Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі