Ордабасы ауданынан көмегін тиеген жүк автокөліктері Мақтаарал ауданына жөнелтілді, деп жазады аудандық «Ордабасы оттары» газетіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Өзбекстан Республикасы, Сырдария облысындағы Сардобо су қоймасының бұзылып кетіп, көршілес елдің, Қазақстанның бірнеше елдімекендерін су басып қалғаны жәйлі ақпарат қазір бәріне белгілі. Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған коронавирус індетінен кейін орын алған табиғат апаты аталған өңір тұрғындарын сарсаңға салып қойды. Ендігі міндет не? Әрине, су тасқынының зардаптарын жою, өңір халқының ырғақты тыныс-тіршілігін қайта қалпына келтіру.
Осы ретте ел басшылығының, тұрғындарының мұндай сәттердегі орасан ұйымшылдық, ынтымақтастық іс-әрекетіне сүйсінбей тұра алмайсыз. Оның жарқын мысалын күні кеше аты жаман індетке қарсы бүкілхалықтық күрес барысында айқын аңғарған едік. Енді міне, халқымыздың қанына біткен баға жеткізгісіз қайырымдылық, біреудің қайғысына ойланбастан ортақтасу қасиетімен қиындық құшағында қалған ағайындарға тұтастай қоғамның көмекке келуінің куәгері болып отырмыз. Уақыт өткізбестен ағайынға қол ұшын созғандардың алдыңғы легінен Ордабасы жұртшылығы көрінді. Ендігі кезекте осынау қайырымдылық бәйгесінде аты озып келіп, Атымтай-Жомарт атануға лайықтылардың тізімін назарларыңызға ұсынайық.
Мәселен, Бадам ауыл округінен айнала-төңірекке аты мәлім «Ордабасы құс» ЖШС-інің жалпы құны 120 000 теңгелік 10 қорап шұжық өнімдері, Бөржар ауыл округінен «Инфрастрой ЛТД ЖШС-інің 160 600 теңгелік 20 қорап құс еті, Қажымұқан ауыл округінен «Ордабасы Милк» АШӨК 445 000 теңгелік сүт өнімдері, жеке кәсіпкер «Рахиеваның» 60 000 теңгелік бетпердесі, «Дос-Мұрабол» шаруа қожалығының 30 000 теңгелік вермишелі, «Аделя» шаруа қожалығының — 750 000 теңгелік, жеке кәсіпкер «Ерімбетов Алмастың» — 75 000 теңгелік, Шұбарсу ауыл округінен Нұрлан Әлімханның «Алаң» шаруа қожалығының 270 000 теңгелік қияры, Қарақұм ауыл округінен Сәтенов Ермекбайдың «Сәтті жол» АШӨК 100 000 теңгелік түрлі гигиеналық бұйымдары, барлығы 2010 000 теңгенің заттары су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданына жөнелтілді. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттарының мақтааралдық ағайындарға көмегін тиеген жүк автокөлігі де оңтүстікті беттеп аттанды.
…Сөйтіп, халқымызды ежелден-ақ талай пәле-жаладан, небір ауыртпалық кезеңдерден аман сақтап келе жатқан бірлік пен ынтымақтың тоны ешуақытта тозбайтынының тағы да бір толымды айғағы абыроймен жүзеге асты.
© DIDARBEK.kz