Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН ҚОС БАУЫРДЫҢ ОҚИҒАСЫ…

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН ҚОС БАУЫРДЫҢ ОҚИҒАСЫ…

«2017 жылдың көктемі болатын. Дәл осы күні аспаннан біреу суды шелектеп құйғанмен бірдей ерекше болып, жауын жерге сатырлап молынан төгілді де тұрды. Жұмыстағы шаруаларымды реттеп, үйіме әдеттегіден кештеу қайттым. Тергеуші болғаннан соң әрбір тапсырылған істің ақ қарасын ажыратамын деп кейде кабинетте қонып қалатын кездер де кездеседі. Таңертең таңғы 6.00-де тұрып, жұмысқа жиналдым. Күн ашылып, ауа райының тосын мінезі басылған. Дәл осы күні таңғы уақытта кабинетке келе салысымен жағымсыз жаңалық естідім. Белгісіз біреулер ауданымыздағы жалғызілікті ер кісіні түнгі уақытта 21 жерден пышақтап кетіпті. Көршілері мәйітті көріп, бірден полицияға хабарласқан екен. Басшының тапсырмасын алып жедел тергеу тобымен бірге оқиға орын алған жерге аттандым. Тергеуші болғаннан соң қылмыстың жедел ашылуы үшін өз ісіме кірісе кеттім. Көршілерден сұрақ-жауаптар алып, оқиғаны ашуға тырыстым. Қолайсыз ауа райы әсер еткен болуы керек, көршілері ештеңе білмейтін және ешқандай бөтен дыбысты естімегендерін айтуда. Іске қатысты ілік те, куәгерлер де жоқ.
Қаза болған адам іздеушісі жоқ, жалғызбасты ер кісі еді. Алайда мен үшін оның маңыздылығы шамалы, бастысы ер азаматты аяусыз пышақтап, өмірін қиған қылмыскерді қалайда анықтау. Күрделі істі тергеп-тексеруде бар мүмкіншілігімді пайдаландым. Қылмыскер ретінде ойланып та көрдім. Қажетті сараптаманың барлығын жасаттым. Іс 30-томнан асты. Осылайша оқиға орын алған аймаққа қайта-қайта барып жүріп, ақыры күдіктінің ізіне түсе бастадым. Белгілі болғандай кісі қолынан қаза тапқан ер азамат танысымен бірге үйінде отырып, мерекені сылтау етіп бірге ішімдік ішкен. Араққа сылқия тойған екеуі ақыр соңында ерегісіп, сөзге келіп қалады. Осы сәтте ойланбастан бірі екіншісіне пышақ сұғып, шайтан судың кесірінен қылмыс жасайды. Қаныпезер қылмыскер ер азаматтың демі таусылды-ау деген кезде мәйітті тастап кетіп, айғақты заттарды қалдырмай ізін жасырып үлгерген. Содан не керек ақыры күдіктіні тырнақ ұшына дейін тексертіп, ақыры сол істі дәлелдеп, айғақты заттарды жинап, сотқа жолдадым. Соттың шешімімен қылмыскер 15 жылға бас бостандығынан айырылды.» -деп әңгімесін аяқтады полицей Ботақұлов Нұрсұлтан Оразалыұлы. Нұрсұлтан Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің тергеушісі лауазымында бірқатар уақыт қызмет атқарып, сол кездегі өзінің ең аты шулы қылмысты қалай ашқанын осылайша баяндап берді. Бүгінде Нұрсұлтан екі жылдай болып қалды, тергеушіліктен жасөспірімдер тәрбиесіне мән беріп жүрген ювеналды полиция тобының инспекторы. Аудандағы екі мектепке инспектор болып бекітілген. Қоғамның басты міндеттерінің біріне айналған балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу мақсатында тер төгіп жүр. Тәжірибелі полицей өзінің сыныптасы Тұрғанбекова Мөлдір Әбдіқасымқызымен отбасын құрып, Айсұлтан атты болашақ батыр мен Айкөркем атты қазақтың ибалы қызын өсіріп отырған жайы бар. Мөлдір медицинаны тәмамдап, елдің саулығы жолында қызмет етіп келе жатқан ақ халаттылардың бірі. Нұрсұлтан жастайынан әкесіне қарап, бой түзеп полицей болуды армандаса керек-ті. Есейе келе әкесі Оразалының «ұлым саған айтарым өз өміріңе өзің қожа болсаңда, полицей болуыңа қарсымын, жұрт жақынымен араласып, той-томалаққа барып жатқанда сен елің үшін қызметте жүресің. Отбасыңа да жеткілікті көңіл бөле алмай, қылмыскерді құрықтаймын деп қауіптің ортасынан да табыласың. Ойлан балам» деп райынан қайтармақшы болады. Алайда Нұрсұлтанның бар ойы үйге түнделетіп келсе де, ерлік жасаған полицейлер туралы кинофильмдерді үзбей қарайтын, бойы әбден темірдей тәртіпке үйренген әкесіне қарап парасатты полицей болу. Ия, сол кездері Нұрсұлтанның әкесі Ботақұлов Оразалы Естайұлы аға Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде Криминалдық полиция бөлімі басшысының орынбасары болып қызмет атқаратын. Оның іскерлігі мен бірсөзділігі әріптестеріне үлгі еді. Нұрсұлтанның бар арманы әкесінің жеткен дәрежесіне жетіп, өзіне үлгі болған жолды жалғау. Осылайша Нұрсұлтан өз қалауымен жоғарғы оқу орнына түскен болашақ сақшы, оқуын ойдағыдай тәмамдап ішкі істер органына қызметке қабылданады. Міне содан бері Нұрсұлтан ішкі істер органында қызметте. Отбасында үш ағайынды ұл болса, Нұрсұлтаннан кейінгі екінші інісі Бексұлтан да әке мен аға жолын жалғап, тергеуші лауазымында қызметте. Ал ең кіші інісі Бақдәулет аудандағы мектептің бірінде мұғалім. Ол анасы Ботақұлова Нұрсұлу Әбдікәрімқызының жолын жалғаған. Өйткен анасы аудандық мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Өз қызметтерінде үлгі бола білген әке мен ағаның жолын жалғаған ініден де бір оқиғасын баяндап беруін сұрап, қолқа салдық…

«Сонау Алматыдан жол тартып, полиция бөлімшесіне орта жастағы әйел кісі арызданды. Ол өз арызында біздің аймақта тұратын 80-нен асқан анасына хабарласқанымен еш нәтиже болмай, із-түссіз жоғалғанын жазды. Жалғызбасты ана, даңғарадай үйде жалғыз өзі тұрады екен. Бұл істі басшылар маған сеніп тапсырды. Өзімізде де ана бар емес пе, қызының анасын тауып беруімізді өтініп, соңғы үміті бізде екендігін айтып боздағанда, ер азамат болсам да жүрегім езілді….Басқа да ағайын туысы жоқ, егде жастағы әйел кісі, өмірінде ешқашан үйін тастап кеткен емес. Жалғыз өзі тұрса да, қара шаңырақтың түтінін түтетіп, есігін жабулы қалдырмаған. Ұлдан рахат көрмеген ана, қыздың қолында тұрып күйеубалаға масыл болғанша өз үйімде тұрғаным дұрыс деп, қызының талай рет өзімен бірге тұруға көндіргеніне қарамастан ұзақ жылдар бойы жалғыз өмір сүріп, зейнетақысымен күнін көріп келген. Енді міне ізім-ғайым жоғалып отыр. Қызы қалайша боздамасын, жалғыз анасының тірі не өлі екенінен бейхабар емес пе?! Қылмысты ашу 3,5 айға созылды. Куәлар да, айғақты заттар да жоқ. Ұсақ детальдерге дейін мән беріп, үйдің ішін әбден тінтідік. Көршілерінен сұрақ-жауаптар алдық. «Үйінен көп шыға бермейтін тұйықтау кісі еді ғой, білмедік, көрмедік…» деген жауаптарды ғана алдық. Ақыры ешқандай ілік болмағаннан соң, істің ашылуын басқаша тәсілдермен жүргіздім. Соңғы технологиядағы жетістіктерді, мүмкіндіктерді пайдаландым. Жоғалған ананың телефонын, зейнетақысын алып жүрген кәртішкелерін тексердім. Әрбір санды, уақытты зерттей бастадым. Осылайша ұзақ жүргізілген тексеру мен тергеу амалдарының нәтижесінде, күдіктіні көршілес ауданнан таптым. Белгілі болғандай күдікті қарт ананың үйінің қасындағы үйді жалдап тұрған. О баста істі тексергенде бұл жігітті куә ретінде шақырып, бір емес бірнеше мәрте жауап алған болатынмын. Мүлде сыр берместен көрмегенін айтқан еді. Енді міне қылмысқа қатысы бар екендігі анықтала бастағаннан соң өтірігі ұзаққа бармады. Жалғызбасты қарт ананы қарызға алған жиырма мың теңге үшін ұрып, одан соң полицияға айтпасын деп өлтіріп, мәйітті көміп тастағанын мойындады. Осылайша алты ай дегенде қарияның өлі денесі табылды. Қайдан дейсіз ғой, көрші үйдің ауласынан. Пәтер жалдап тұрған қаныпезер қылмыскер аяусыз өлтіргеннен соң өз ауласына көміп тастағанын, істің қалай болғанын баяндап берді. Күдікті қарияның зейнетақысын алып, емін еркін жаратқан. Содан соң түк білмегендей өзінің елді мекеніне тайып тұрған. Істі толық дәлелдеп болғаннан соң, құжаттарды жинақтап сотқа өткіздім. Соттың шешімі бойынша қылмыскер жас жігіт 17 жылға бас бостандығынан айрылды. Қылмыстың өтеуі әрине жаза!» дейді жас тергеуші Бексұлтан.
Бексұлтан жақында ғана отбасын құрды. Шаңырақ көтергеніне небары 2 айдай уақыт болды. Бір қызығы ол да ағасы Нұрсұлтан секілді өмірлік жарын сыныптастарының арасынан таңдаған. Бір мектепте он бір жыл бірге оқыған Хасенова Мереке Сапарғалиқызымен қара шаңырақта. Жас тергеуші Бексұлтан 1995 жылы дүниеге келіп, орта білімді үздік аяқтаған. Мектепті үздік бітірсе де пешенесіне ақ халатпен елге қызмет ету жазылмапты. Бала кезден армандап келе жатқан ақ арманы Бексұлтанды адастырмай, жоғарғы оқу орнын сәтті тәмамдап, 2018 жылы өзінің туған жеріндегі Сарыағаш аудандық полиция бөліміне тергеуші қызметіне орналасуына мүмкіндік берсе керек-ті. Міне содан бері Бексұлтан тергеушілік қызметте. Шені полиция лейтенанты. Аталмыш лауазымда қызмет атқарғалы біраз күрделі істерді ашып, сотқа жолдап үлгерген. Оның түн ауса да кабинетте отырып, күрделі істердің ашылуын ойластырып, жас та болса жұмысты жоғары деңгейде жасай білуі, өзге әріптестеріне үлгі. Жетістікке жетіп, үздік тергеуші боламын деген алға қойған мақсатын айқындап тұр. Жас тергеуші Бексұлтан бос уақытында күреспен шұғылданады, жетістіктері де аз емес. «Өзімнің қызығушылығыммен оқушы кезден бастап спорттың осы түрімен айналысып келемін…Түрлі турнирлерге қатысып, алдыңғы орындардан көрінгенім, марапат мадақ алу мен үшін аса маңызды емес, бастысы өзімнің жан қалауымның жүзеге асып, спортты серік ете отырып үздік тергеуші атануға деген мақсатыма біртабан жақындауым дейді.
Ішкі істер органы саласына жиырма жеті жылдан астам еңбегін арнаған әкенің салған сара жолын екі ұлы да абыроймен атқаруға тырысып келеді. Сарыағаштық қос бауыр Ботақұловтардың оқиғасы міне осындай. Бұл әулиетке қарап, қазақ халқында әбден құлағымызға сіңген «әке көрген оқ жонар» деген тәмсілдің текке айтылмағандығы көрінді. Сарыағаштық сақшыларға болашақтарың жарқын, ел үшін алар асуларың көп болсын. Қауіпті қызметті абыроймен атқара беріңдер деп тілек білдіреміз.
Құрметті оқырман бүгін біз сіздер үшін шен таққан қос бауырдың полицей болғалы бастарынан кешірген оқиғаларының бірін ғана баяндадық. Болашақта да осындай басқа да білікті сақшылардың оқиғасын сіздердің назарларыңызға ұсынатын боламыз. Сондықтан елімізде болып жатқан сын сағаттарда үйден шықпай, біздің мақалаларымызды оқып, кейіпкерлеріміздің еңбек жолымен танысып отырыңыздар. Алдағы уақытта біз сіздер үшін өмірі мен еңбек жолы көпке үлгілі қызметкерлер туралы мақалаларды жинақтап, жариялап отыратын боламыз. Бастысы төтенше жағдай кезінде үйден шықпай, бізбен бірге тәжірибелі полицейлердің өмірімен танысыңыздар.

©Гүлнар Абдурахманқызы

 

Пікір жазу