Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев пен Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов Ұлы Жеңіс мейрамының қарсаңында 104 жастағы соғыс ардагері Нигмат Гареевті құттықтап, құрмет көрсетті.
Нигмат Насибуллинұлы — қаладағы соғыс ардагерлерінің арасындағы жасы ең үлкені. Ол 1916 жылы туған. Соғыс ардагері елдің амандығын тілеп, болашақ ұрпаққа ақ батасын берді. Сондай-ақ осынау қиын-қыстау кезеңде халықтың бірлігі мен ырысты ынтымағы жеңетіндігін айтып берді.
Сондай-ақ аудан аумағында тұратын басқа да ҰОС ардагерлері және тыл ардагерлеріне арнайы сыйлықтар табысталды.
Әрбір қазақстандық үшін 9-мамыр Жеңіс күні ерекше мерекелердің бірі болып табылады. Өйткені, бұл мерекеде талай жанның қаны, қаншама жанның жан жарасы жатыр. Қан майданда Отан үшін жанын оққа тосқан батырларымыздың ерлігі ешқашанда ұмытылмақ емес.
Айта кетсек, бүгінде қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жалпы саны – 40. Шымкент қаласының мәслихаты 75 жылдық мерейтойға орай Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне 360 АЕК, яғни 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беру жөнінде шешім қабылдады. Ал тыл еңбеккерлеріне 33 мың теңгеден үлестіріледі.
© DIDARBEK.kz