Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АРЫС ҚАЛАСЫ ҚҰТТЫҚТАЙДЫ

АРЫС ҚАЛАСЫ ҚҰТТЫҚТАЙДЫ

Құрметті Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Құрметті арыстықтар!

Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Жеңіс күні — елдік пен ерліктің, батылдық пен қаһармандықтың мерекесі. Халқымыздың мызғымас бірлігінің, беріктігі мен қайсар рухының мерекесі.
Бұл – туған жерді жан сезіммен қастерлей білген, Отанға деген сүйіспеншілікті паш еткен мерейі үстем, мәртебесі биік мереке.
Биыл біз 75-ші бейбітшілік көктемін қарсы алудамыз.
Сан мыңдаған боздақтар Отаны үшін жанын аямай, оқ болып атылып, от болып жанды. Қаншама жауынгер ұрыс даласынан елге оралмады.
Барша қазақстандықтармен бірге біздің Арыс қаласынан Ұлы Отан соғысына 10503 азамат аттанып, туған жерін жаудан азат етуге қатысқан.
Майдан даласында ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен 6 арыстық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Олар Нағи Ильясов, Бейсен Онтаев, Иван Журба, Берген Исаханов, Ережепбай Молдабаев, Садық Исмаиловтар.
Майдан даласынан елге аман қайтқан жауынгерлер түрлі салада қызмет етіп, майдандағы ерлік істерін бейбіт күндегі адал еңбектерімен жалғастырып, елге өлшеусіз қызмет етті.
Қан майданнан оралмаған батыр жерлестеріміздің есімі ел есінде, ал бүгінде қатарлары сиреп бара жатқан қазыналы қарттарымыз, ардагерлеріміз әрқашанда мемлекеттің ерекше қамқорлығында бүгінде қаламызда зұлмат соғыстың куәгері болған 2 соғыс ардагері мен 372 тыл ардагері бар.
Елдік пен ерліктің өнегелі үлгісін көрсеткен, сұрапыл жылдарда қайсарлық танытқан азаматтарын халқымыз ешқашан ұмытпақ емес.
Қадірлі майдангерлер мен тыл еңбеккерлері!
Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерең еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы бейбіт күнде өмір сүруде.
Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Одан кейінгі бейбіт күнде де еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер.
Жеңіс күні көңілдеріңізге нұрлы шуағын шашып, жарқын қуаныштар әкелсін. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктеріне куә бола беріңіздер. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Құрметпен,
Арыс қаласы әкімі М.Қадырбек

Пікір жазу