Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖЕК КӨРЕТІН ЖАСТАР КӨПТЕП ПАЙДА БОЛУДА

ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖЕК КӨРЕТІН ЖАСТАР КӨПТЕП ПАЙДА БОЛУДА

Әсет ӘССАНДИ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Шымкент қаласындағы департаменті жанынан құрылған
Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі:

– Әсет Сандыбайұлы, Сіз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласындағы департаменті жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі болып сайландыңыз. Алдымен құрылғанына 2 жыл уақыт толған бұл топтың атқарып жүрген жұмыстарына тоқталмас бұрын, оның негізгі міндеті мен мақсаты жөнінде сөз бастасаңыз.
– Арнайы мониторингтік топ – бұрын-соңды елімізде баламасы болмаған қоғамдық негізде жұмыс атқаратын ерекше құрылым. Мониторингтік топ – Агенттіктің қазіргі төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаевтың ұсынысымен және тікелей қолдауымен дүниеге келген жаңаша үлгідегі ұйым. Оның республикалық және өңірлік құрылымдары бар. Арнайы мониторингтік топтың іс-әрекеті мен атқаратын жұмысы арнайы қабылданып, бекітілген Ережеге сәйкес жүргізіледі. Ол Ереженің баптарын талдап отырудың қажеті жоқ шығар. Бірақ, бір нәрсеге назар аударғым келіп отыр. Арнайы мониторингтік топ – жазалаушы, тергеуші, шара қолданушы орган емес. Бұл – еліміздің түрлі саласына қоғамдық бақылау жүргізетін ұйым. Негізгі бағытымыз – сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін зерттеп, мүмкіндігінше оларды анықтау, тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу. Өз басым Арнайы мониторингтік топқа мүше болғаныма екі жылдай уақыт болды. Ол кезде бұл топ ҚР Мемлекеттік қызмет істері бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті жанында қарқынды жұмыс істей бастаған. Қазіргі таңда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласындағы департаментінің бастығы Асхат Жұмағали мен оның бірінші орынбасары Талғар Серікбаев үлкен сенім артып, Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі жауапкершілігін мойныма артып жіберді – мен қарсы болған жоқпын. Өйткені, жемқорлыққа қарсы қасқая тұруға жігер де, тәжірибе де, ынта да жетеді. Ал, департамент басшылары жұмысымызды дұрыс арнаға бағыттап, бізге барынша көмектесуде.

 

– Жалпы, бұл мониторингтік топқа Сіздің жетекші болып сайланғаныңыз, елде жарияланған төтенше жағдай уақытымен тұспа тұс келді. Сол кезде Сіздер яғни топ мүшелері Шымкенттегі сауда орындарындағы азық-түлік бағасына саралау жұмыстарын жүргіздіңіздер. Жалпы төтенше жағдай кезінде саудагерлер азық-түлік бағасын көтергені жасырын емес. Әкімдік бұл жағдайды реттеу үшін әлеуметтік маңыздағы ас-ауқат өніміне шекті бағаны бекітті. Және ол талаптың сақталуын қатаң бақылауға аламыз деп ескертті. Жалпы бұл ескертуді барлық сауда нүктелері немесе барлық саудагерлер қаперге алды деп есептейсіз бе?
– Қазақта: «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» деген сөз бар. Мына жаман індеттің бүкіл әлемде өршіп кетуіне байланысты үстіміздегі жылы 16 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай жарияланған болатын. Тәуелсіз Қазақстан тарихында оған дейін төтенше жағдай жарияланған емес еді. Сондықтан, бұның қалай болатынынан, қаладағы тіршіліктің қай бағытта бет бұратынынан көпшілігіміз бейхабар едік. Дәл сол уақытта доллар бағамының күрт аспандап кетумен қатар, әлем нарығында мұнай бағасының шексіз төмендеп кетуі ел ішінде алаңдаушылық тудырғаны жасырын емес. Ел басына түскен ауыр сәттерді пайдаланып кетуге құштар күштер, өкінішке орай, бізде баршылық қой. Осындай дүрбелең кезінде азық-түлік те, аса қажет болып қалған бетперде де бір сәтте қымбаттай бастады. Жергілікті атқарушы билік арнайы штаб құрып, бағаны қалыпты ұстап тұруға әрекеттенгенмен, базарларымыз бен дүкендеріміз бой бермей келе жатты. Осы жағдайда Арнайы мониторингтік топтың күшімен жасалған көптеген рейдтер және мониторинг жұмыстары өз жемісін берді деп батыл айта аламын. Біз күнделікті аралап, қоғамдық бақылау жүргізген «GraMad», «Magnum», «Фиркан» дүкендерінде бірнеше мәрте тікелей эфир жүргізіп, байқаған келеңсіздіктер туралы әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы жариялап жүрдік. Мемлекет бекітіп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұруға осылайша өз үлестерімізді қостық.

– Төтенше жағдай кезінде блок-бекеттерде азаматтар тарапынан көптеген заңсыздықтар орын алғанын билік өкілдері де, құзырлы орган басшылары да ашып айтты. Және солай болуы керек деп те есептейміз. Тиісінше тәртіп сақшыларының да заңды белден басуға барғандары туралы деректер де жоқ емес. Жалпы төтенше жағдай кезінде қалаға қойылған 18 блок-бекеттің жұмыстары туралы сіз не айтасыз?
– Қаланың кіре-беріс жолдарындағы тосқауыл бекеттерді алғашқы қойылған күннен бастап қатаң бақылауға алған болатынбыз. Ол жұмыстарымыз жөнінде күнделікті әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы ашық ақпарат беріп отырдық. Тосқауыл бекеттерінде орын алған сіз атаған жағдайлардың басым көпшілігі Арнайы мониторингтік топтың қоғамдық бақылауы барысында анықталған келеңсіздіктер болатын. Әсіресе, адам денесінің ыстығын өлшейтін құралдардың жарамсыздығы жиі кездесіп тұрды. Одан қалса, бекеттердің арғы бетінде қалаға кіруге ұмтылған қалың жұрттың шоғырланып тұруы, бекеттердегі электр жарығы мәселесі, ғаламтордың әлсіздігі – мониторингтік топтың назарынан тыс қалған емес. Біздің бірқатар сынымызға қала әкімдігі жауап беріп, шығарған қорытынды туралы мәлімдеп отырды.

– Сіз арнайы тексеру шаралары кезінде қанша блок-бекеттің жұмысымен таныстыңыз? Және ол жерлерде азаматтардың төтенше жағдай ережелерін сақтау мәдениеті туралы қандай ой түйдіңіз?
– Қателеспеңіз, біз тексеру шараларын өткізген емеспіз. Біздің құзырымызға тек қана қоғамдық бақылау кіреді. Барамыз, бақылаймыз, байқағанымызды жария етіп жүреміз. Қысқаша айтқанда, осылай. Ал, Арнайы мониторингтік топтың мүшелері оннан астам тосқауыл бекеттерінде болып, ол жақтан арнайы репортаждар ұйымдастырып жүрді. Мен өз басым соның бесеуіне ғана барған екенмін. Ал, тұрғындардың төтенше жағдай ережелерін сақтау мәдениеті туралы сөз қозғайтын болсақ, қарындарымыздың ашқан тұстары аз болмады. Түрлі желеулерді айтып, бекеттерден өтіп кетуге әрекеттенген адамдарды көріп, кәдімгідей-ақ қынжылып жүрдік.
Неге бұлар жағдайдың ушығып кететінін түсінбейді? «Сақтанғанды құдай сақтайды» деген қағиданы ұмытқандары ма? «Көппен көрген ұлы той» деген бабаларымыздың ақылына тоқтайтын ұрпақ қайда кеткен? – міне, осы сауалдар жиі мазалап жүрді. Десек те, алғашқы күндері көрініс берген тәртіпсіздік, полиция қызметкерлеріне бағынбай өтіп кету айғақтары бара-бара құрдымға кете бастады.
Біздің рейдтік сапарларымызда журналист-әріптестеріміз де бірге жүрген жағдайлары болды. Нәтижесінде мониторингтік топтың жұмысы туралы «Astana», NarTV, «Ontustik» телеарналарының эфиріне жаңалықтар топтамаларына шығып отырды. Бұл үшін әріптестерімізге алғыс айтамыз.

– Төтенше жағдай кезінде Шымкентте бас санитариялық дәрігердің қаулысымен енгізілген талаптар мен шектеулер өз деңгейінде іске асты деп ойлайсыз ба? Жалпы індетке қатысты енгізілген ережелерді дер кезінде елге жеткізу бағытында жүргізілген ақпараттық шараларға көңіліңіз толды ма? Мәселен, қашықтық тәртібін сақтауды қамтамасыз ету үшін онлайн-брифингтер ұйымдастырылды. Бірақ бірқатар азаматтар ол жерде ғаламтор сигналының әлсізігін айтты. Сонымен қатар, қала әкімі жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде мәлімдеме жасағанын дұрыс қабылдай алмағандар да кездесті…
– Қазақстандағы індеттің өршу жағдайын күнделікті қадағалап жүрдік. Шынын айтқанда, біздегі індетті жұқтыру деңгейі мен өлім жағдайлары басқа елдермен салыстырғанда, едәуір төмен. Олай болған себебі – біздің дер кезінде төтенше жағдай жариялап, індет ошақтарын карантинге жабу болды. Әрине, бес саусақ бірдей емес дегендей, ел ішінде ала да, құла да кездеседі. Шымкент қаласының бас санитар-дәрігердің қаулысымен енгізілген талаптар мен шектеулерге қырын қарап, оған бағынбай, бұзып жүргендер де ауық-ауық кездесіп тұрды. Карантинге жауапты мамандардың да өз ісіне атүсті қарағанына да куә болып жүрдік. Тіпті, қала тұрғындарына құрметсіздік танытқандарына таң қалдық.
Мәселен, біз тұратын көпқабатты үйді кенет 22-ші сәуір күні таң бозара бастағаннан карантинге жауып тастады. Үйімізді Ұлттық ұлан жігіттері қоршауға алып, ешкімді кіргізбей, ешкімді шығармай қойды. Дәл сол күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласындағы департаментінде ANTICOR.LIVE жобасы бойынша тікелей эфирге шығып, Арнайы мониторингтік топтың атқарған жұмыстары туралы әңгімелеп, көрермендердің сауалдарына жауап беруім керек болатын. Ол тікелей эфир бұзылды. Үйді карантинге жабар алдында бір күн бұрын ескертіп, азық-түліктерімізді қамтамасыз етіп алуға мүмкіндік бергенде де, ешкімнің ештеңесі кетпес еді ғой! Жоқ, аты-жөні жоқ кәдімгі «үйқамақта» отырып қалдық. Мейлі, біз бәрін түсініп, барынша сабыр сақтап, карантиннің аяқталуына жеттік. Ендеше, карантин біткен күні атқарушы биліктің бе, полицияның ба, санитарлық қызметтің бе бір өкілі келіп: «Қымбатты тұрғындар! Үйлеріңіз карантиннен шықты. Еріксіз келтірген ыңғайсыздықтарымыз үшін кешірім сұраймыз!» деп кетсе, болмас па еді? Әйтпесе, не басталарда, не аяқталарда ешкім ештеңе айтпай, ештеңе түсіндірмей кете берді. Құдды бір малдарды қораға қамап, ұстағандай күй кештік. Карантиннің аяқталғанын да кездейсоқ білдік. 4-мамыр күні таң ата терезеден қарасақ, бізді күзетіп тұрған ешкім байқалмады. Далаға шықсақ, тоқтатқан ешкім болмады. «Ұрланып» барып көпқабатты үйімізді айналып шықтық – жан пенде жоқ! Міне, қалай түсінсең, солай түсін дегендей болды.
Ал, жалпы елдегі қабылданған шараларға байланысты індет қанатын кеңге жая алмай қалды деп батыл айтуға болады.

– Жуырда еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қалалық жер қатынастары басқармасында сыбайлас тәуекелдері жетерлік екенін нақты мысалдармен келтірді. Жалпы, Сіз қоғам белсендісі ретінде жер қатынастарынан бөлек, тағы қандай салада сыбайластықтың тәуекелдері көп болуы мүмкін деп есептейсіз?
– Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері білім мен медицина саласында, полиция мен соттар жүйесінде толық жойылған жоқ. Атқарушы билік – өз алдына бөлек әңгіме. Шымкентке Ғабидолла Әбдірахымов екі мәрте әкім болып тағайындалды. Сонда не байқадық. Екеуінде де онымен Данат Жумин деген еріп келді. Бірінші келуінде – штаттан тыс кеңесшісі, екінші келуінде – әкімнің орынбасары болып келді. Екеуінің бюджет айналасындағы тірліктері туралы әріптесіміз Зәуре Мирзаходжаева әбден жазды. Республикалық есептік комиссия арнайы тексеру жүргізіп, қорытындысын шығарды. Әрі қарай, бәрі тоқтап тұр. Сол екеуін сыбайлас емес деп біреу айтса, не сенерімді, не сенбесімді білмеймін. Естеріңізде болар, алғаш әкімдігінен айырылған Ғабидолла «Nur Otan» партиясының орталық аппаратына қызметке тұрды. Данат Жумин артынан партияның орталық аппаратына барды. Данат сыбайлас болмаса, неге ол Ғабидолла келсе – келеді, кетсе – кетеді? Бюджет қаражатынан басқа екеуін байланыстыратын тағы не бар? Осы мәселелер жіті тексерілмей келеді. Қайта керісінше, жемқорларды әшкерелеген адамдар қудалауға түсіп жатады. Мен өз басым елге белгілі екі жемқорды әшкерелеп, бетперделерін шешіп, екеуінің де қызметтерінен кетуіне себепші болдым. Ал, қылмыстық жауапкершілікке оларды емес, мені тарту әрекеттері күшейді.

– Қазіргі таңда елде болып жатқан түрлі қиын-қыстау жағдайларға байланысты көптеген қайырымдылық шаралары қолға алынуда. Бірқатар бай-бағландар арнайы құрылған қорға миллиондап қаржы аударып жатыр. Жүк көліктеріне тең-тең ғып тиелген азық- түліктерді тұрғындарға таратуда. Бір жазбаңызда Сіз кәсіпкерлер миллиондап аударған ақшасын айтып, өздеріне жарнама жасайды, яғни ұпай жинайды деген мағынада ой тастағаныңыз есімізде шығар. Жалпы, қазіргі таңда елде жасалып жатқан қайырымдылық шаралары туралы не айтасыз?
– Мен «бай-бағлан» деген сөздерді қолданғым кеп отырған жоқ. Дұрыс, арамызда тоқ жігіттер аз емес. Бірақ, «бес саусақ бірдей емес» дегенді де естен шығармаған жөн. Қолы ашық атымтай жомарттар елімізде жеткілікті. Мен өз басым үндемей, ешкімге жария етпей, елге қиналған сәттерінде қомақты қаражат үлестіп, қолұшын тигізіп жататын. Ал, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» мақтаншақ «байларымыз» олардан да көп. Бес теңге береді де, бес құрлыққа жария етеді. «Шіріген байлар» да жеткілікті. Қаражатын тығатын жер таппай отырса да, біреуге бір тиыны кетіп қалса, жылап жібереді. Бұқаралық ақпарат құралдарында пәленбай миллион жұмсады Пәленше деген біреу, түгенбай миллионға азық-түлік алып берді Түгенше деген тағы біреу деген ақпараттың артында ешқандай шындық жоқ! Жомарт жан өз жомарттығын жасыра түседі. Ал, он миллионға жәрдем жасап, оны жиырма-отыз миллион тұратын жарнаманы тегін алатындарды қазақша «алаяқтар» деген сөзбен атай салған жөн. Оң алақаның бергенін сол алақаның білмесе ғана, оның сауабы мол болмақ. Бұл біріншіден.
Екіншіден, былтыр Арыстағы апаттан, биыл Мақтааралдағы топансудан зардап шегіп отырғандардың бәрі Қазақстан Республикасының азаматтары. Логика бойынша олар үшін Қазақстан Республикасы жауапты және Қазақстан Республикасы толық шығындарын жабу керек. Яғни, Үкіметіміз жеке тұлғалардың жауапкершілігіне салып қоймай, апат келтірген залалдарды республикалық бюджет есебінен жауып тастауға міндетті.

– Арнайы мониторингтік топтың алдағы жоспары туралы аз-кем ақпар беріп өтсеңіз.
– Жемқорлық деген індетті түбегейлі жоюға бар-күш жігерімізді салу – басты жоспарымыз. Ол үшін құзырлы органдардың көзі көре бермейтін, құлағы ести бермейтін тәуекелдердің бетін ашып, қоғамдық бақылауды күшейту арқылы қоғамымыздағы бұл жегі құрттың көзін жоюымыз қажет. Бұл игі іске бүкіл қоғам болып күш біріктіріп, атсалыспасақ, нәтиже шығару қиынның қиыны. Сол үшін де Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі болған күннен бастап, біздің қатарымызға қоғамның белсенді азаматтарын тартуға ұмтылудамын. Елге пайда келтіремін, жемқорлықпен шынайы, бүкпесіз, аяусыз күресемін деген кез-келген азаматты құшақ жая қарсы аламыз. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Бүкіл қоғам болып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жемқорлықпен күреске кіріспесек, келешек ұрпақ алдында ұятқа қаламыз.

– Бүгінгі сұхбатқа қосып-алар пікіріңіз қандай?
– Қазір, Құдайға шүкір, жемқорлықтың не екенін, оны иттің етінен жек көретін жастар көптеп пайда болуда. Ұлы дала елінде таза, былғанбаған ұрпақ өсіп келе жатыр. Бұл да болса, жақсылықтың нышаны. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан-ақын жырлағандай, жастарымыз аман болсын – сонда қоғамымыз жаңарып, дұрыс арнада дами түсетін сияқтымыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Талгат БАЛТАБАЕВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Шымкент қаласындағы департаменті жанынан құрылған
Арнайы мониторингтік топтың мүшесі.

Пікір жазу