Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АПАТТЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ

АПАТТЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысы Мақтаарал ауданының су басудан зардап шеккен ауылдарына келді. Атап айтқанда, министр Е.Тұрғымбаев тұрғындар қиын жағдайға тап болған Өргебас және Фердоуси ауылдарында жүргізілген авариялық-құтқару жұмыстарының барысымен танысты, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.

Бүгінгі күні Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл облыстарының полиция және ТЖД қызметкерлері су басқан аумақта суды шығару жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар авариялық-құтқару жұмыстарына Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар қызметкерлері де көмекке келген. Осы арнайы техника мен мотопомпалардың көмегімен ТЖ қызметкерлері Фердоуси және Өргебас кенттерінің үйлері мен көшелерінен суды айдауда, ауылдың бір бөлігі судан босатылған.

Барлығы 5 елді мекенде, оның ішінде Фердоуси және Өргебас ауылында 1000-нан астам үй су астында қалды. Аталған екі ауылдан барлығы 3838 жергілікті тұрғындар эвакуацияланды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Ұлттық Ұланның әскери қызметкерлері және еріктілерлермен бірге Мақтаарал ауданының тұрғындарына қалып қойған мүліктерін, құжаттарын, автокөліктері және үй жануарларын көшіруге көмектесуде, сондай-ақ азық-түлік таратып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде.

Қазіргі уақытта ТЖ орнында 1,6 мыңнан астам адам, 300-ге жуық арнайы техника мен 196 мотопомпа жұмыс істейді, сондай-ақ 17 жүзу құралы пайдаланылуда.
Өз кезегінде, Өргебас және Фердоуси ауылдарының тұрғындары полиция қызметкерлеріне, құтқарушыларға және еріктілерлерге шынайы ризашылықпен алғыс білдірді.

Мысалы, Өргебас кентінің тұрғындары Базарбек Қыдырбекұлы мен Омар Абдрахман барлық көршілері мен ауыл тұрғындары атынан төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап көмек көрсетіп, малдарын және мүліктерін құтқарған тәртіп сақшыларына алғыстарын білдірді.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы Мақтаарал ауданы ТЖ аумағында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу