Төтенше жағдай жарияланып, пандемиямен күресте ерікті сарбаздар жарады. Еске салып өтейін, олар қаланы залалсыздандыру жұмыстары мен блок-бекеттерде қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысты. Аты жаман індеттің таралуын болдырмауда күш салып, оны ауыздықтауда елеулі үлес қосты. Осыны ескерген қала әкімі Мұрат Әйтенов, еңбегі ерен ерікті жүз сарбазды марапаттап, алғыс хат табыстады.
Естеріңізде болса, төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласында 100 сарбаз әскер қатарына шақырылып, қаланың қауіпсіздігі мен дезинфекция жұмыстарына жұмылдырылған болатын. Өз міндетін абыройлы атқарған жасақ сарбаздары мегаполис әкімінің ыстық ықыласына ие болды.
Қауіпті дертпен күресте белсенділік танытқан сарбаздарды марапаттау барысында қала басшысы олардың ерліктерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, еріктілер жылы қарсаңында өз еркімен көзге көрінбейтін инфекциямен күресте аянып қалмаған әрбір сарбазға мегаполис тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.
Бұл уақытша қиындық. Біз біріксек, бар қиындықты жеңіп шығамыз. Бұл сапқа тұрған сазбаздардың ұраны. Сондықтан қала тұрғындарынан карантин талаптарын сақтап, уақытша шектеулерге түсіністік танытуын сұрайды.
© DIDARBEK.kz