Толассыз жауған нөсер жауын салдарынан Түркістан облысының таулы аумақтарында орналасқан Төлеби, Қазығұрт және Бәйдібек аудандарын су шайды. Алдын ала деректер бойынша үш ауданда жалпы 522 үй ауласына су кіріп, 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланды. Қазір су тасқыны зардабын жоюға 600-ден астам маман мен 84 техника 47 мотопомпа жұмылдырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда, деп жазады Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Нөсер жауыннан үйлері бүлінген Төлеби ауданының тұрғындарына алғашқылардың бірі болып Мақтаарал ауданында құрылған еріктілер штабы жетті. Бұл штабта өңірдегі еріктілер бас қосқан. Сонымен бірге Мақтааралда жүрген Алматы облысының жалынды жастары да селдің салдарын жоюға атсалысты.
Еріктілер Төлебиде судан зардап шеккен 105 отбасыға бірінші кезекте қажетті ұн, май, күріш, шекер сынды 12 түрлі азық-түлік пен киім-кешек, химиялық және медициналық заттарды жеткізіп берді. Мақтааралдан жеткізілген гуманитарлық көмек жергілікті деңгейдегі төтенше жағдайдың зардаптарын жою жөніндегі аудандық штабтың қоймасына жеткізілді.
«Өздері қиын жағдайда болса да біздің жағдайымызды ести сала көмекке келген Мақтаарал ауданының азаматтарына алғысымызды айтамыз», – деді Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков.
Айта кетейік, айтып келмейтін апатты еңсеруде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының, Мақтаарал ауданы мен Жетісу өңірінің ерікті жастары алдыңғы шепте жүр.
DIDARBEK.kz