Күркеліні жігерлі жастар ауылы деуге болады. Мұнда еңбекқор һәм отаншыл жастар ауыл халқының рухын көтеретін шараларға үнемі бастамашы болып жүргенін байқаймыз. Айта кетерлігі, ауылда ұйымдастырылатын спорттық шараларға қаладан арнайы барып қатысатындар аз емес.
7 шілде күні мұнда осы ауылдың тумасы — қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған мәдени-спорттық шаралар кешенді түрде ұйымдастырылды. Ертемен ауылдың үлкен-кішісі кіреберістегі Жұмат Шанинге арналған стела басына жиылды. Мерекелік жиынды ауыл әкімі Таңат Сағынтаев ашып, «Ақмешіт» имамы Рүстем қажы Әбдиев, алыстан келген қонақтар: ҚР Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуов, кәсіпкер Еркін Қабылбеков, Күркелі жастары атынан Мұрабек Омаров ізгі тілектерін білдірді.
Жиын ауылішілік марафонға жалғасты. Жүгіруге өтінім берген 40-тан аса азаматтың жас шамалары 14-50 аралығында. Жарысқа ауылдағы Қошке Кемеңгерұлы атындағы мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі, ауыл спортының жанашыры Ерлан Әблешов төрелік етті.
4 шақырым қашықтықта өткен марафонда І орынды — Санжар Дихан, ІІ орынды Дархан Сүйіндік, ІІІ орынды Нұрсұлтан Бірлік иеленді. Беріктас Сәдуақасов «Ең жасы үлкен қатысушы» атанса, Медхат Назымбек «Ең жасы кіші қатысушы» аталымында марапатталды.
Түстен кейін мектеп жанындағы жасанды жабындылы алаңда Күркелі ауыс-палы кубогына шағын футболдан турнир өтті. Турнирде «Ауыл» командасын — 2002 жылғы, «Достар» командасын — 2000 жылғы, «Жастар» командасын 1996 жылғы жастар құрады. «Жұмат Шанин», «Күркелі жастары», «Ардагерлер» командасы да жалынды жастардан жасақталыпты. Ал «Ағайындылар» құрамында, аты айтып тұрғандай, бір әулеттің, яғни, тамырын тереңге жайған Смағұловтар әулетінің азаматтары ойнады. Тартысты өткен жарыс финалында «Ағайындылар» «Күркелі жастарына» есе жіберіп, ІІ орынды олжалады, ІІІ орын «Жұмат Шанинге» бұйырды. Ғалым Нұрахметов – «Үздік шабуылшы», Айнат Кендіров – «Үздік қорғаушы», – Ақыл Ысқақов «Үздік қақпашы» атанды.
Мерекелік шараның тағы бірі — қол күресі жарысы Майқайың кентінен арнайы келген кәсіпкер Еркін Қабылбеков тағайындаған жүлде үшін өтті. Жарыста 1-орынды Жасұлан Жапаров, 2-орынды — Архат Семеев, 3-орынды Ержан Жәнбеков иеленді.
Бұл күні, сонымен қатар, ауыл клубының меңге-рушісі Нұрдәулет Айтбаевтың ұйымдастыруымен Жұмат Шаниннің 125 жылдығына арналған мерекелік концерт өтіп, «Ақмешітте» ас берілді. Аста бабалар рухына, Жұмат Шаниннің аруағына бағышталып құран оқылды.
Тағлымы мол шараларға Жанат Асылтаев, Қаныбек Смағұлов сынды ел ағаларымен бірге, Рүстем қажы Әбдиев және ауыл жастары Асан Динабеков, Ербол Адабеков, Қуаныш Бәбиев, Дархан Айтжанов демеушілік көрсетіп, ұйымдастыру жұмыстарына зор үлес қосты.
Шараны ұйымдастырып, әлеуметтік желіде жарнамалауына қоса, жүйелі өтуіне бас-көз болған және қорытындылаған Мұрабек Омаров пен Аман Ибраевқа да ауылдастары дән риза.
Жанаргүл Қадырова,
Баянауыл ауданы
Күркелі ауылы