Оңтүстік Қазақстанда жыл соңына дейін 18 көпір тиісті жөндеуден өтіп, ел игілігіне беріледі. Атап айтқанда, бүгінгі таңда 13 жол өткелі күрделі жөндеу көріп жатса, 5 көпір орташа жөндеу жұмыстарынан өтуде.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының мәліметінше, аталған нысандар толығымен пайдалануға берілгенде бұл жағдай, өңірдегі жөндеуді қажет ететін көпірлер санының 101-ге дейін азаюына мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, жөндеуді қажет ететін көпірлерді жою мақсатында осы жылы 26 көпірге, яғни, 11 өткелге күрделі жөндеу, 15 көпірге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Жыл қорытындысымен аталған 26 жобаға тиісті сараптама қорытындысы алынуы күтілуде. Осыған сәйкес, 26 жобаға құрылысты жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралған жағдайда, аталған нысандарға келесі 2018 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілетін болады.
Айта кету қажет, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы 409 дана көпір бар. Аталған нысандардың 290 данасы қанағаттанарлық жағдайда болса, қалған 119 данасы жөндеуді қажет ететін көпірлер болып табылады.