Шымкент қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлері мен техникалары Мақтааралдағы су басқан елді мекендерде алғашқы күннен бастап авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су басу жағдайына байланысты Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің тарапынан авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жеке құрамнан 40 құтқарушы мен арнайы және қосалқы 8 техника мен 1 квадрокоптер және 4 дана жүзу құралдары (1 моторлы және 3 үрлемелі қайық) 2-ші эшелон есебімен жолданды. Көмекке жіберілген техникалардың ішінде АСО 20, АЦ – 2, УАЗ маркалы 4 техника, МП-100 маркалы 6 мотопомпа жұмылдырылды.
Күн сайын құтқарушылар елді мекендердегі судың деңгейіне мониторинг жүргізіп, жергілікті халыққа көмек көрсету үшін су басқан ауылдарды аралап шығады.
Шымкент қаласы ТЖД Жедел-құтқару жасағының мамандары Жеңіс ауылында ірі және ұсақ малдарды құтқару жұмыстарын жүргізді.
200-ден астам үй орналасқан Өргебас ауылында құтқарушылар қайықта тексеру жүргізіп, нәтижесінде жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті. Құтқарушылар түнде су басқан Жеңіс ауылындағы үйіндегі мүліктерін көру ішін өз беттерінше кіріп, қайта шыға алмай қап қойған екі адамды алып шықты.
Тұрғындарға су басқан үйлерінен құжаттарын алып құнды заттарын көшіруге көмектесті. Сондай-ақ, ауылды судан қорғау үшін құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізді.
Командалық-штабтық машинасы арқылы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, Түркістан облысының және Шымкент қаласы ТЖ департаментінің басшыларымен байланыс орнатылып тығыз байланыста жұмыс атқаруда.
Құтқару бөлімшесінің басшысы Е. Оспановтың басшылығымен құтқарушылар жергілікті халыққа көмек көрсету үшін Жеңіс елді мекенде таңнан кешке дейін тұрғындарды және олардың мүліктерін қауіпсіз жерге көшірді. Осылайша, Жеңіс кентінен Қаражантақ кентіне 70 адам мүлкімен эвакуацияланды. Жеңіс және Қаражантақ кенттерінің арақашықтығы моторлы қайықта шамамен 3 шақырымды құрайды.
Бұл жұмыстардың барлығы мамырдың 2-сі мен 6-шы жұлдызы аралығында тасқын су бетінің қайтпай тұрған кезінде жүргізілген.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы ТЖ департаментінің жеке құрамнан 44 адам, 10 техника, 10 мотопомпа және 2 МП-300 тіркемелі мотопомпа 1 квадрокоптер, 4 дана жүзу құралдары жұмылдырылған.
Бүгінгі күні шымкенттік құтқарушылар Достық және Өргебас ауылындарында тұрғындардың су басқан аймақтан 34 үйдің мүліктерін, құжаттарын, 100 жуық адамды қауіпсіз жерге көшіріп, жалпы 1 788 416 текше метр суды шығарды, 40-қа жуық ірі және ұсақ малдардың өлекселерін шығарып, 3 қойды, 5 жылқыны судан аман алып шыққан.
Шымкент қаласының құтқарушылары су деңгейінің мониторингін және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.
© DIDARBEK.kz