Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ЖАСТАРДЫҢ ЖАТ АҒЫМҒА АРБАЛУЫНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

ЖАСТАРДЫҢ ЖАТ АҒЫМҒА АРБАЛУЫНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Бүгінгі таңда еліміздің болашағы жастар, түрлі себептермен жат діни ағымның жетегінде кеткені әмбеге аян. Салдарынан қаншама отбасылардың шырқы бұзылып, шаңырақтары шайқалып, берекесі қашуда. Кейбір отбасылардың отағасы білімсіздіктің салдарынан сезімнің сергелдеңіне түсіп, темір торға тоғытылса,бесік тербетіп үйінде отыруы тиіс нәзік жандылар, нағыз ислами өмір сонда деп, үй-жайын, бала-шағасын, елін тастап, шекара асып, қиырдағы шет мемлекеттерге кетті. Қаншама ата-ана ұл, қызынан айрылып, зар илеп қалды. Осыған ораймемлекет басшысының тапсырмасымен  «Жусан» операциясы ұйымдастырылып, адасып кеткендерді өзекке теппей елге жеткізілді.  Міне, жастардың осындай жағдайға душар болуының бір ғана емес,бірнеше себептері бар. Дәстүрлі емес жат діни ағымның жетегінде кетудің басты себептерін атап айтар болсақ, біріншіден, діни сауатсыздық.Жат діни ағымның жетегінде жүргендердіңсанының артуы қарапайым халықтың діни сауатының аздығынан немесе жоқтығынан туындайтыны хақ. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен,сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі.Жат ағымдарға алданушылардың сексен бес, тоқсан пайыздайының мүлдем діни сауаты жоқ. Ал, дінімізде білімнің маңыздылығы ерекше. Тіпті Құранның ең алғашқы түскен аяты да «Оқы» деумен басталады. Құранда «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» Нәхл сүресі 43 аят, «Білгендер мен білмегендер тең бе?» Зүмәр сүресі 9 аяттарда білімнің адам өмірінде алатын орынын қаншалықты маңызды екенін ерекшелеп тұрғандай.

Екіншіден, интернеттің ықпалы.
Интернет пен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де жастарды жарға жығуға итермелейтін факторларының бірі болып тұр. Қазіргі таңда ұялы байланыссыз, интернетсіз жүрген жасты көрсек, таңырқайтын кезге тап болдық.Интернетте шетелдегі псевдошейхтар мен еліміздегі заңсыз уағыз айтушылардың уағыздарыбұрынғыға қарағанда біршама бәсеңсіді.Жастар сол интернетте жарияланған мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп,оларға лайк басып, пікір жазып, ақпараттармен бөлісіп отыруды үрдіске айналдырған.Сол мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да жетерлік. Сондай ақпараттарды достарымен бөлісіп, от басып жатқандары қаншама.

Үшіншіден, отбасындағы тәрбиенің мардымсыздығы мен ата-анасының қарауынсыз қалуы.
Толық отбасынан шықпаған мейірімге, тәрбиеге мұқтаж  бала жылулықты көшеден іздейтіні айтпаса да түсінікті. Ата-анасынан ала алмаған жылулықты көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады.Ата-аналардың көпшілігі күн көрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ең бастысы бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ болса, қалтасында қымбат телефоны болса болды деп, материалдық құндылықпен шектелуде. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадис шәрифінде былай дейді: «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы-оны жақсы тәрбиелеу» Хадисті Имам Мүслим жеткізген.Сондай-ақ көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайлы қарап, барлық міндетті мектепке итере салады. Бір әке-шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала,өскенде дінге  қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, тұзағына оп-оңай түсіп кете барады.

Төртіншіден, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, жұмыссыздық.
Тұрмыстың тапшылығы тауқыметінен жаман демекші  лаңкестік идеологияға бой алдырғандардың біразының тұрақты жұмыс орны жоқ, біразының баспанасы жоқ, біразының тұрмыс деңгейі төмен болған. Адам кейде жоқшылықтан, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан айналасынан көмек сұрайтын сәттер өмірде жиі кездесіп жатады. Мұндай кезде жасаған жақсылық адамның өмір бойы есінен шықпай қалады. Осындай оңтайлы сәтті жат ағым өкілдері ұтымды пайдалана біледі. Дереу қаржылай қолдау білдіріп, жұмыс орындарын ұсынып, өзінің тобырына тартуды көздейді.

Бесіншіден, психологиялық күйзеліске ұшырау.
Қамшыныңсабындай қысқа,бес күндік жалған мынау өмірдежақсыны да жаманды да қатар көресің. Өмірдің ащысын да тұщысын да  басыңнан өткересің. Кейде болмашы нәрсеге балаша қуанып мәз боласың, кейде көңіл күйің болмай жабырқап, мазасызданасың. Күнделікті күйбең тірлікпен біреуге ренжіп ашуланасың, енді бірде ашуландырасың. Өмір бар жерде өлім бар демекші жақын адамыңнан айрылып, қан жұтасың.Бұл мынауөмірдің жазылмас заңдылығы. Әйткенмен де Жаратқан Алланың пенделері басына қиын-қыстау күн туып, қатты қиналғанда туған-туыс, дос-жараннан жылылық, мейірім, материалдық көмек бере алатын  жандар іздейді. Дәл осы сәтте әлгі дәстүрлі емес жат ағымның мүшелеріет жақын бауыры көрсетпеген жылулықты көрсетіп, бауырмалдылық танытып, жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңілге демеу береді. Осылайша айырылмас досқа айналып, әлгінің айтқанынан шыға алмайтындай халге душар болғанын өзі де сезбей қалады.

Алтыншыдан, жұмыс орны мен араласатын ортасы.
Жалпы дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері мемлекеттің жұмысынан бас тартып, сауданы берекесі бар сүннет амалдардың біріне балап, көпшілігі сауда саттықпен, жеке кәсіппен айналысады.Деструктивті теріс пиғылды жат ағымның жетегінде жүрген азаматтардың арасында да кәсіптің көзін тапқан, материалдық жағдайы жақсы, қалтасы қалың  азаматтар үлкен сауда орнындарын, базарлардан дүңгіршек, құрылысқа қажетті заттар сататын дүкендер ашып, оған жұмысшыларды тарта бастайды. Жұмысқа өзінің пікірімен пікірлес, діни көзқарасы сәйкес келетін сенімді азаматтарды іздейді. Өзінің ойындағысын таппаған жағдайда діннен хабарсыз жүрген жастарды қарамағына тартып, жоспарлы түрде үгіт-насихат жүргізіп,қатарын толықтыра түседі. Сонымен қатар әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіндекейбір жастардың дінге бет бұруы араласатын достарының ықпалымен келгендігін көрсетеді. Кейбір жоғарғы оқу орындарының жатақханаларында, спорттық алаңшаларда шала сауатты, уағыз айтқыш жастар табылып жатады. Шала сауаттылардыңайтқан уағыз-насихаттарына уланып, жастардың дінге деген көзқарасы бұрыс жағына қарай өзгеріп шыға келеді.«Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын» деген тамаша тәмсіл де сөзіміздің айғағы.

Жетіншіден, шетелдегі заңсыз оқу орындарында білім алу.
Жалпы  Қазақстанда жат ағымның кең таралуының себебі шетелден теріс діни білім алу.  Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап,шетелге діни білім алушылар көбейді. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады.Ал, қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Шетелдің діни білім беретін оқу орындарына мұқтаждық азайды. Дегенмен де суды бұлақтың басынан ішейік, шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған, діни сауаты аз жастар, заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елгекеліп, өз уағыздарымен ылаң салып жүргендері де баршылық.Сонымен қатар шетелде діни білім алып, елге оралып, абыройлы қызмет жасап жүргендерді де жоққа шығара алмаймыз.

Сөзімізді қорытындылай келе, айдың күннің аманында, қазақ жастары түрлі себептермен, жат ағымның арбауына арбалып, адаспаса екен дегіміз келеді. Ол үшін жастар ғылым-білімге бейімделіп, парасаттылық жолын таба білуді үйрену керек.

© Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы
Б.Омарбаев

Пікір жазу