Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » АУЫЛЫН СҮЙМЕГЕН АЛАШЫН СҮЙЕ АЛМАЙДЫ

АУЫЛЫН СҮЙМЕГЕН АЛАШЫН СҮЙЕ АЛМАЙДЫ

Қазақстан өзiнiң ширек ғасырлық тарихында ғасырларға бергiсiз даму жолынан өттi. Небәрi жиырма бес жылда халқының ынтымағы жарасқан, экономикасы өркендеген, бүкiл әлемге бейбiтшiл ел ретiнде танылған iргелi мемлекетке айналды. Осыдан 20 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан — 2030» стратегиясын уақытынан бұрын орындап, ендi

«Қазақстан — 2050» мақсаттарына қарай қадам басты. Ендiгi мақсатымыз айқын, ол – әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 30 мемлекеттiң қатарына қосылу. Бұл үшiн Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен экономикалық және саяси жаңғырулар жүзеге асырыла бастады. Мiне, осы бастамалардың барлығы баянды болуы үшiн бiзге санамызды уақыт талабына сай өзгертiп, рухымызды дүр сiлкiндiруiмiз қажет. Мемлекет басшысы өзiнiң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бұл үдерiстi қалай жүзеге асыратынымызды көрсетiп бердi.

Елбасы мақалада қанымызға сiңiп кеткен қасаң қағидалар мен таптаурын түсiнiктердi өзгертпейiнше, бiздiң толыққанды жаңғыруымыз мүмкiн еместiгiн, бәсекеге қабiлеттi ұлтқа айналу үшiн ұлттық санадағы пайдалы, iзгi қасиеттердi қайта түлетiп, кертартпа ойлардан арылуымыз керектiгiн атап көрсеткен. Реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайтынына тоқталған Ұлт Көшбасшысы ұлттық сана-сезiмнiң көкжиегiн кеңейтiп, бiлiмдi, көзi ашық, көкiрегi ояу болуға ұмтылу қазақтың қанында бар қасиет екенiн айтады. Тарихтың ащы сабағынан қорытынды шығарып қана қоймай, өзiмiз күн сайын көрiп жүрген құбылыстардан да ой түйiп, пайым жасау айрықша маңызды екенiн ұғындырады.
Расында, ХХ ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм құрдымға кеттi. Ендi айқын, түсiнiктi және болашаққа жiтi көз тiккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуiн көздейтiн осындай бағдарлар ғана дамудың көгiне темiрқазық бола алады. Яғни, Елбасы Қазақ елiнiң дамуы ұлттық руханиятпен астасып жатқан реализм және прагматизмде жатыр деп топшылайды.
Н.Назарбаев ұлттың рухани жаңғыруы үшiн таяу жылдарда атқарылуы тиiс iстердi де нақты көрсеттi. Бiзге бiлiктi инженерлер мен дәрiгерлер ғана емес, қазiргi заманды және болашақты терең түсiне алатын бiлiмдi адамдар ауадай қажет екенiн айтып, ол үшiн әлемнiң ең үздiк деген 100 оқулығы қазақ тiлiне аударылатынын атап өткен.
«Бiз алдағы бiрнеше жылда гуманитарлық бiлiмнiң барлық бағыттары бойынша әлемдегi ең жақсы 100 оқулықты әртүрлi тiлдерден қазақ тiлiне аударып, жастарға дүние жүзiндегi таңдаулы үлгiлердiң негiзiнде бiлiм алуға мүмкiндiк жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзiнде студенттердi осы оқулықтармен оқыта бастауға тиiспiз» дейдi Мемлекет басшысы.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаладағы қоғамның назарын өзiне аударған өзектi мәселенiң бiрi – латын әлiпбиiне көшу. Бұл жөнiнде Н.Назарбаев «Латыншаға көшудiң терең логикасы бар. Бұл қазiргi заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХI ғасырдағы ғылыми және бiлiм беру процесiнiң ерекшелiктерiне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тiлiн оқып, латын әрiптерiн онсыз да үйренiп жатыр. Сондықтан, жас буын үшiн ешқандай қиындық, кедергiлер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейiн ғалымдардың көмегiмен, барша қоғам өкiлдерiмен ақылдаса отырып, қазақ әлiпбиiнiң жаңа графикадағы бiрыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әлiпбидi үйрететiн мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кiрiсуiмiз қажет» дедi.
Шындығында, бүгiнде компьютерлiк технологиялар да, нақты бiлiм мен ғылымдар да осы әлiпбидi қолданады. Осының барлығын ескерсек, Елбасының бұл бастамасы да барынша ойластырылған әрi уақтылы қолға алынған шара деп есептеймiн.
Елбасының осынау сүбелi мақаласындағы көңiл қуантар бастамалардың бiрi – «Туған жер» атты бағдарлама қабылдау жөнiндегi ұсынысы. «…басқа аймақтарға көшiп кетсе де туған жерлерiн ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсiпкерлердi, шенеунiктердi, зиялы қауым өкiлдерi мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезiм, ол әркiмде болуы мүмкiн. Оған тыйым салмай, керiсiнше, ынталандыру керек» деген сөзiнде терең мән жатыр.
Себебi, бiздiң дана бабаларымыз «Туған жер – тұғырың, туған ел – Қыдырың» деген қанатты сөздi тегiн айтпаған. Туған жерге деген махаббатын жоғалтқандар – өзiнiң алтын арқауынан, түп-тамырынан қол үзiп қалған жандар. Өзiнiң алтын бесiк ауылын сүймейтiн, сағынбайтын, өзi туып-өскен өлкесiн қадiр тұтпаған, оған қал-қадiрiнше пайдасын тигiзбеген адамның бүкiл елдi, Қазақстанды сүйер патриот екенiне көңiл сенбейдi. Сондықтан, Елбасының бұл тапсырмасын тиянақты орындау — бәрiмiздiң ортақ мiндетiмiз.
«Ұлттың өсiп-өнуiне екi жағдай қажет: азаттық пен бiлiм» деп едi Шоқан Уәлиханов. Саяси жүйемiзден бастап бiлiм беру iсiне дейiн түбегейлi өзгерiстер орын алып жатқан тұста ұлттық сананы қалыптастырып, рухты ояту тарихи маңызға ие iс. Себебi, дәуiрлер түйiскен тұста Қазақстанға түбегейлi жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды етудiң теңдессiз тарихи мүмкiндiгi берiлiп отыр. Елбасы айтқандай, өмiр сүру үшiн өзгеруге тиiспiз, әйтпесе, тарихтың шаңына көмiлiп қаларымыз анық.
Жеке адамның өмiрiнiң мәнi – артынан ұрпақ қалдыру, сол ұрпақ өнеге тұтар iстер атқару десек, тұтас ұлттың мұраты – ғасырларға азық болар рухани мұра мен өзiне ғана тән төл мәдениет қалыптастыру. Ол үшiн бабалардан қалған iзгi дәстүрлер мен руханиятты сақтап, жаңғыртып, толықтырып отыруымыз қажет. Кең мағынада алғанда руханият дегенiмiз саяси, құқықтық сана, мораль, өнер, ғылым, философия, дiн, қоғамдық идеология мен психологияның бiрлiгiнен құралатын тұтастық. Олай болса, өз азаматтарына дұрыс рухани, дүниетанымдық бағыт бере алмаған қоғамның өмiрi ұзақ болмасы анық. Адамдағы, адами қасиеттердi сақтап, дамытатын руханияты ыдыраса, ондай қоғамнан жұрнақ қалмайтынын, мемлекеттiң де көп ұзамай құлайтынын шежiре тарих талай дәлелдеген. Демек, елдi дамытуға, өркендетуге бағытталған әрбiр реформа ұлт руханиятына табан тiреп, содан нәр алуы керек. Ұлттың руханиятына арқа сүйемеген жаңарулар мен жаңғырулар халықты кемел келешекке емес, адасуға бастауы мүмкiн.

Нұрлыбек ЖЕҢIСБЕК,
ОҚО ақпарат-талдау орталығы директорының орынбасары.

Пікір жазу