Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Ұлы отан соғысының ардагері, Сайрам ауданының Құрметті азаматты, 1924 жылы туылған Қалтай Бектасовты айтулы мерекемен құттықтау үшін арнайы барды.
Соғыс ардагері XX ғасырдың қатігез де қанды шайқасындағы кеңес әсерінің көрсеткен ерлігі мен батырлығы туралы еске алып, сұрапыл соғыс жылдары туралы шер төкті.
1942 жылы әкесі соғысқа атанады, артынша 1943 жылы Қалтай Бектасовта майданға аттанып, №44 атқыштар дивизиясында автоматшы болды. 1945 жылдың ақпан айында жауынгерді басқалармен бірге Владивостокқа Кеңес-Жапон соғысы фронт қатарына жіберді. Ардагер асыға күткен жеңісті сол жерде қарсы алды. 1947 жылы елге оралған ардагер соғыс жылдарынан кейін де ел игілігі жолында қызмет атқарып, тіпті үлгілі қызметі үшін сол кездегі Қазақстан ССР-нің Жоғарғы Кеңесіне 2 рет депутат болып сайланды. Жұбайы Ұлбосын апамызбен 65 жыл отасып, 7 ұл, 3 қыз тәрбиелеген. Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері 95 жаста.
Ардагерді құттықтау үшін барған жас мамандар соғыс жылдарындағы қиын кезеңдер, сол кездегі аталарымыз бен апаларымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі туралы тыңдап, бұл еркіндігіміздің оңай жолмен келмегендігін сезіне білді. Ардагерімізге өздерінің ілтипатын білдіріп, сый-сияпатын ұсынып, құрмет көрсетті.
Соғыс зардабы алыстаған сайын сол қиын кезеңнің зардабын шеккен адамдар азайып бара жатқандығын атап өту қажет. Сондықтан да ардагерлерімізді ұмытпай алғыс білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет.
А. Жүнісбеков
Шымкент қаласындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы
азаматтық қорғау майоры