Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында елімізде төтенше жағдайдың аяқталғаны туралы хабарлады. Бұл жаңалықты халықтың күткені анық. Алайда жағаны кеңге салатын уақыт әлі келген жоқ. Індеттің қайта таралу қауіптілігі әлі де жоғары. Сондықтан әзірге карантиндік шараларды сақтай тұруымыз керек. Кейбір елдер карантинді жұмсартамыз деп ауру санын арттырып жатыр. Сондықтан олардың жағдайынан сабақ алуымыз орынды деп білемін.
Жалпы карантин еліміздің медицина саласына ауыр жүк түсірмеу үшін қажет болды. Ал қазір төтенше жағдай режимін тоқтатуға не түрткі болып отыр? Елде шағын және орта бизнес біраз дағдарысқа ұшырағандықтан, оларға көмектесу үшін төтенше жағдайды алып тастау қажеттілігі де туындады. Қатаң карантин кезінде стратегиялық ірі өнеркәсіптер анау айтқандай зиян шеге қоймады. Табысынан қағылған негізінен қызмет көрсету саласындағы шағын кәсіпкерлер болды.
Бүгінгі күні Қазақстанда халықтың басым бөлігі өзін өзі жұмыспен қамтығандар немесе қызмет көрсету саласында табыс тауып жүргендер. Енді оларға қолдау артады.
– Экономиканы несиелеуге банктердің мүмкіндіктерін кеңейтетін қосымша уақытша пруденциалды шаралар кешенін әзірлеу керек. Микро әрі шағын кәсіпкерлікке жекелей назар аудару керек. Олардың толыққанды стандартты банктік өнімдерді пайдалану мүміндіктері тым шектелген. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнес үшін арнайы шараларды қарастыруды тапсырамын, –деді мәлімдемесінде Мемлекет басшысы.
Алдағы уақытта елімізде орта және шағын кәсіптің жағдайы қайта оңалуда Үкімет пен «Атамекен» аталған бағытқа қолдау жасайтынына сенімдіміз. Және бұл бағытты жандандыруда нақты тапсырмалар беріліп жатыр.
Осыған орай, елдегі төтенше жағдайды тоқтату туралы шешім орынды. Дегенмен қазақстандықтар әлеуметтік сақтық шараларын ұмытпауы тиіс.
Сапарбек ЖОБАЕВ,
экономист