«Жүрек жылуы» шарасы аясында Шымкент қаласына «Жусан» операциясы арқылы келген отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Қайырымдылық шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов, наиб имам Мұхамеджан Естеміров, қалалық Жастар ісі секторының жетекшісі Анарғали Керімбеков және «Зекет» қорының өкілі Айбек Азимбаев қатысты.
Елімізде орын алған төтенше жағдайда бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанның шарапаты мол. Қасиетті Ораза айында іс-шараға қолдау көрсетіп, өз көмегін берген азаматтарға алғысымызды білдіреміз!
Шара барысында Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасының ұсынысымен «Жусан» операциясы арқылы елге оралған 12 отбасыға азық-түлік және тұрмыстық заттар үлестірілді.
Айта кетсек, «Жусан» гуманитарлық операциясы — ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған кешенді шаралар нәтижесінде Отанымызға 357 бала қайтарылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету «Жусан» операциясының басты мақсаты болды.
© DIDARBEK.kz