Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » СУ БАСУ САЛДАРЫН ЖОЮҒА ҚАТЫСУДА

СУ БАСУ САЛДАРЫН ЖОЮҒА ҚАТЫСУДА

Түркістан облысының полицейлері су басу салдарын жоюға қатысуда. 13.05.2020 жылы сағат шамамен 17:00-де қатты жауған жауын-шашынға байланысты Түркістан облысындағы 4 үйді, 376 аула мен іргелес аумақты, сондай-ақ облыстың 5 ауданындағы көпірлерді су басу жайты орын алды. Халықты көшіруге және су басу салдарын жоюға Түркістан облысы Полиция департаментінің 114 қызметкер мен 22 бірлік техника, сондай-ақ Төтенше жағдай департаментінің 242 қызметкері, 16 бірлік арнайы техника мен 47 мотопомпа жұмылдырылды. Жедел штаб ұйымдастырылды.

Нәтижесінде, Төле би ауданының Қасқасу өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты жергілікті маңызы бар 4 көпірді су шайды. Леңгір қаласында 4 үй және оның жанындағы кенттерде 300-ден астам аула аумақтары су астында қалды, 8 мал басы өлді. Полиция және ТЖД күштерімен сағат 22:00-ден кейін 70 адамды Леңгір қаласындағы эвакуация пунктеріне көшіру жұмыстарын жүргізді. Оған қоса ТЖД күшімен су басқан үйлерден мыңға жуық текше метр су сорылды.

Қазығұрт ауданында Қаржан мен Айнатас ауылдарындағы 6 аула аумақтарын су басқан. 133 адамды ішінара эвакуациялау жүргізілді. Жергілікті арықтарды тазалау жұмыстары атқарылуда. Ал, Бәйдібек ауданындағы Тұрақты каналына су құйылуы салдарынан 3 елдімекендегі 13 аула аумағы су астында қалды. Тұрақты ауылынан 50-ден астам адам көшірілді.

Сайрам ауданында жауыннан пайда болған су тасқыны салдарынан 4 елдімекеннің 53 аула аймақтарында су басса, ал Түлкібас ауданында – Мыңбай ауылының 2 аула аймағында су басу жайты орын алды.
Қазіргі уақытта полиция күштері мен ТЖД қызметкерлері су басу орнында авариялық-құтқару жұмыстарын жалғастыруда.

©Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметі

Пікір жазу