Тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың құжаттары дайындалуда. Мақтарал ауданында орын алған төтенше жағдай тұсында полиция қызметкерлері қырағылық танытып, көпшілікке көмек көрсетті. Бірі су ортасында қалған адамдардарды қауіпсіз жерге алып шықса, енді бірі эвакуция жұмыстарына атсалысты. Жолдарды ашып кептелістің болмауын қадағалады. Жайылымда жүрген төрт-түлікті айдап, аман алып қалды. Күн – түн демей, тәулік бойы еңбек еткен тәртіп сақшыларының бұл қызметіне бүгінде алғыс айтушылар көп.
Мақтаралдық Ғалымжан Ибраевтың да қызметін бүгінде ауылдастары мен әріптестері мақтанышпен айтып отырады. Әр басқосуда батылдығына, шұғыл шешім қабылдап, іс әрекетке барғандығына ризашылық білдіреді.
— Ауылға тасқын су қауіпі туралы хабар келгенде көшелерді аралап, әріптестерімізбен бірге халықты құлағдандырып жүрген болатынбыз. Кенеттен бұзаудың үлкен арыққа құлап кеткені байқадым. Дереу жүгіріп барып, құлағынан тартып, судан шығарып алдым. Бұзау құлаған жерден шамамен екі жүз метр қашықтықта болатынмын. Менің орнымда өзге әріптестерім болса да дәл осылай жасайтын еді – дейді полиция қызметкері.
Тәртіп сақшысының бұл әрекеті желіде қызу талқыланып, көпшілікті үлкен әсерге бөледі.
Жалпы Ғалымжан Әділұлы Мақтарал аудандық полиция бөлімінде көші-қон полиция қызметінің аға инспекторы болып қызмет атқарады. Қазіргі кезде эвакуцияланған тұрғындардың құжаттарын толықтырып жатыр.
— Мектептерді аралап, құжаттарын жоғалтып алған тұрғындарға көмек берудеміз. Тез арада дайындалып жатыр. Көпшілігі өздерімен бірге құжаттарын ала шыққандықтан, жоғалтушылар көп емес – дейді полиция майоры.
Ғалымжанның ішкі істер саласындағы еңбек жолы 10 жылдан асады. Тәжірибесі мол тәртіп сақшысы әрдайым халыққа көмектесуге даяр. Жергілікті тұрғындарды тасқын су әбігерге салған тұста көшіру ісіне, адамдарды қауіпсіз аймаққа шығаруға және заттарын тасуға қол ұшын берген.
Мақтаралдық тұрғындар қиын кезде қол ұшын созып, халыққа көмек берген полиция қызметкерлеріне деген ризашылықтары жоғары.
— Әр кездескен сайын ауылдастар рахмет айтады. Көмектесіп, қол ұшын беру әрбір адамның азаматтық міндеті деп білемін. Ал, полиция қызметкерлері халық үшін әрдайым қызметке дайын. Яғни, қашанда халықпен бірге – дейді ол.
© Қайрат ЗАЙНИШЕВ