Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік палатасы бизнеспен айналысқысы келетін жеке тұлғаларға қаржылық емес қолдау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, 2015 жылдан бүгінгі күнге дейн палата тарапынан 13 мыңнан аса шағын және орта бизнес өкілдері тегін қызмет түрлерін алған. Ал, биылғы жылдың басынан 3 мыңнан аса кәсіпкерге 5491 қызмет түрі көрсетілді. Бұл туралы бүгін өңірлік палатаның директоры Асқар Әбубәкіров ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның сөзінше, кәсібін дөңгелетіп жүргендер көбінде жер телімін алу мен салық төлемдеріне қатысты және кедендік рәсімдер жүргізу бойынша көмек сұрап жатады екен. Сондай-ақ түрлі тексерулер мен орынсыз айыппұл салу жағдайлары да кәсіпкерлерді шаршатып отыр. Осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін енді Кәсіпкерлік палатасы арнайы «call-орталығының» қызметі мен watshap желісі арқылы байланыс нөмерін ұсынып отыр. Яғни кез-келген бизнес өкілі өзін мазалаған сұрақтар мен ұсыныс пікірлерін хабарласып, айта алады.
«Бизнес-жоспарды тегін жасап береміз. Сонымен қатар, қандай қаражат құжаттарын жинау керек, оны да толықтай түсіндіріп, кәсіпкермен бірге жинаймыз. Себебі, қазіргі таңда шаруалар ол туралы біле бермейді. Сол себептен, біздің мақсатымыз аудандарға тікелей көмектесу, осы жобаларды жүргізіп, қаржысын алып беру», – деді ОҚО Кәсіпкерлік палатасының директоры Асқар Әбубакіров.
Бұдан бөлек, Асқар Әбубәкіров палата ішінен Қытай елімен кәсіпкерлік байланысты нығайтуға көмектесетін маман барын хабарлады. Күншығыс елінде 20 жыл бойы тұрған азамат енді күнгейлік кәсіпкерлерге сауда жасау мен құжаттар рәсімдеуге де қолғабыс ететінін айтып отыр.