Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай облысқа қарасты Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесу өткізді.
Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген келелі басқосуға Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Айкен Темір, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Парасатты қоғамды қалыптастырудың негізгі тетіктері ортаға салынған алқалы жиында Мирас Асқарбайұлы сөз алып, Агенттіктің бастамасымен Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардың жемқорлықты жоюдағы және оның алдын алудағы тиімділігін баса атап өтті.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық көріністері негізінен кадр мәселесін шешу мен жәрдемақы тағайындауда, жер телімін беру мен мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсауда, сонымен қатар мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында жиі орын алатындығын алға тартып, аудан активін мемлекет мүддесі жолында адал қызмет етуге шақырды.
Жиын барысында Департамент басшысының бірінші орынбасары 2019 жылы Бәйдібек ауданында анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына айрықша тоқталып өтіп, жиынға қатысушыларға жемқорлыққа жол берген қол астындағы қызметкері үшін бұдан былай бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі қаралатынын ескертті.
Сондай-ақ, Департамент өкілдері «Сапалы жол» жобалық кеңсесі шеңберінде Бәйдібек ауданына қарасты Шалдар және Бәйдібек ата ауылындағы жол құрылысына кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, Бәйдібек өңіріндегі арнайы сапар аудандық сот пен полиция бөлімінде тұрғындар үшін ашылған фронт-офистердің жұмысымен танысу жалғасын тапты.
Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында облысқа қарасты барлық қала/аудандардың активі мен өңір жұртшылығына ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыратын болады.
© DIDARBEK.kz