Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков Боралдай, Ақбастау ауылдық округтеріне жұмыс сапармен барды. Сапар барысында аудан басшысы бірінші Боралдай ауылдық округі, Талап елді мекеніндегі «Тау Алма Бақ» ЖШС-нің 47 гектар жерге қарқынды бау отырғызылған алма алқабымен танысты. 2014 жылы қолға алынған жоба бүгінде нәтижесін беріп отыр. Алманың 10 түрі және шабдалы жеміс талдары егілген.
Сонымен қатар аудан әкімі Боралдай ауылдық округі аумағындағы ЖК «М.Назарбаев» асыл тұқымды «Абердин-Ангус» ІҚМ шаруашылығында болып, Мақсат Назарбаевтың жұмыс жүйесімен танысты. 2015 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс жасап жатқан шаруашылықта бүгінде 164 асыл тұқымды мал басы бар. Оның ішінде асыл тұқымды сиырлар 88 бас, бұқалар 4 бас, асыл тұқымды құнажындар 30, асыл тұқымды 2020 жылғы төлдер барлығы 42 бас.
Мұнан соң аудан басшысы Ақбастау ауылдық округі аумағындағы «Корпорация «ERNUR» ЖШС-нің шаруашылығында болды. Шаруашылық төрағасы Ерлан Нұрмаханов шаруашылықтың жұмыстарымен таныстырып, асыл тұқымды етті мал шаруашылығын дамыту, етті мал шаруашылығының ет өнімділігін және ет сапасын арттыру мақсатында асыл тұқымды мал өсіруде екенін айтып өтті. Сонымен қатар жаңадан алынған ауыл шаруашылығы техникаларын көрсетті.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі