Құрметті отырарлықтар!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасымыздың 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен «31 мамыр – Саяси репрессия және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып белгіленген болатын. Содан бері елімізде саяси репрессия және ашаршылық құрбандарына тағзым етіп, бұл күнді атап өту, олардың рухына арнап құран бағыштау дәстүрге айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, тарихшы ғалымдардың ғылыми еңбектерінде кезінде сталиндік билік тарапынан қазақ қоғамына жасалынған адам айтқысыз қиянат, зорлық жөнінде жантүршігерлік мәліметтер аз жазылған жоқ.
Бүгінде репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, жан жарасы жазыла қойған жоқ және жазылмақ та емес. Кеңес Одағы ұлтшылдықпен күрессе, бүгін біз ұлтсыздықпен күресуге мәжбүр болып отырмыз. Сондықтан да, ұлтын сүйген кешегі арыстардың тұлғасы уақыт өткен сайын ірілене түспек. Өткен ғасырдың 19-40- жылдарында «халық жаулары» ретінде атылған сталиндік Үлкен террордың құрбандары тәуелсіздік алғаннан кейін Ұлт батырлары болды.
Репрессия құрбандарының арасында біздің отырарлықтардың да небір асыл азаматтары бар. Полат Айтменов, Дүйсенбай Алтынбеков, Дәуренбек Құрманбеков, Ордабай Бәймішев сынды елге елеулі еңбегі сіңген біртуар аталарымыз сол зұлматтың құрбаны болған. Осынау қилы заманда күн кешкен, «халық жауы» деген жалған жаламен жаны қиналған қазақтың бетке ұстар азаматтарының қиылған өмірі көңілімізге қаяу түсірмей қоймас.
Әттең, солар қудаланбай, аман болса, осы күнге дейін қаншама жаңалықтары мен еңбектерін елге паш ететін еді деген өкініш те жоқ емес. Бірақ, амал қанша, қазір біздің қолымыздан келері осы сұрапыл қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдардағы жазықсыз жаны қиылған боздақтарымызды еске алу ғана.
Бүгінгі күнгі қолымыз жетіп отырған егемендігіміз бізге оңай жолмен келмегені, қазір бақытты өмір кешіп отырғанымыз талай қасіретті күндердің, ержүрек батырларымыздың, сол алаш ұлдарының арқасы деуге де әбден болады. Сондықтан да осы ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған барша алаш ұлдарының есімін ел жадында сақтап, қол жеткізген егемендігімізді бағалай білу бүгінгі ұрпақ парызы.
Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов