Ағымдағы жылдың 13 мамырында болған қатты нөсер жауынның салдарынан аудан аумағында орналасқан каналдардың өзендерден бастау алатын жерлері бұзылып, қырлар мен сай-салалардан аққан тасқын сулар каналдарды лай ұйыққа толтырып, жарамсыз күйге түскен. Осыған орай, Төлеби ауданы әкімі Бауыржан Омарбековтің тапсырмасына сәйкес «Төлеби су шаруашылығы» МКК-ны теңгеріміндегі техникалармен бұзылған канал арналарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Атап айтқанда, Қасқасу ауылдық округіндегі орналасқан Күйгелек, Аралық, Қара шора, каналдары механикалық тазалаудан өтуде. Ұзындығы 27 шақырымды құрайтын «Ұзын» каналының 18 шақырым жері механикалық тазалануда. Жоғарыда аталған жұмыстарға жалдамалы бес экскаватор жұмылдырылған.
Бірінші Мамыр, Алатау ауылдық округтерінде орналасқан 24 каналдың басындағы құлаған лай ұйыққа толған жерлері тазаланып, қазіргі таңда ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына ағын су жеткізілуде. Киелітас ауылдық округінде орналасқан 7 каналдың 5 каналы механикалық тазалаудан өтіп, халыққа ағын су берілуде. Қыр, Айналма каналдарының бұзылған жерлері жөнделіп, механикалық тазалау және бетондау жұмыстары жасалуда.
Қаратөбе, Тасарық ауыл округтерінде орналасқан каналдар толығымен жөнделіп тұрғындарға, шаруа қожалықтарына ағын суы беріледі. Зертас ауылдық округінде орналасқан Левобережный каналы арқылы тұрғындар мен шаруа қожалықтары ағын сумен қамтылып жатыр. Қазіргі таңда ауа райының қатты ысуына байланысты барлық каналдарға су беру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
© DIDARBEK.kz