Түркістан облысы полицейлері екі сыныптас пен 10-нан астам әйелдерді алдаған алаяқтарды ұстады, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын, жас жігіт арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, өзіне жақсы таныс емес тұрғын оның сеніміне кіріп, Ақтау қаласындағы фирманың біріне жұмысқа орналастырып беремін деп уәде етіп, өтеуіне қомақты ақша сұраған. Содан жәбірленуші алаяқтың сұрағанын беріп, жер сипап қалған. Оған қоса, жәбірленуші өзінің сыныптасына ұсынысты айтып, оны да алаяқтың арбауына түсірген. Осылайша жәбірленушілердің әрқайсысы күдікті азаматқа 220 000 теңгеден беріп, алданып қалған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық » бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, екі сыныптасты арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шаралар жасалды. Куәгерлерден жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, 1 күн ішінде ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, өз кінәсін толық мойындады. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Өкінішке орай, қазіргі қоғамымызда алаяқтарға алданып қалған осындай жайттар көптеп орын алуда. Сөзімізге дәлел, Сарыағаш ауданында «алаяқтықтың» тағы бір түрі тіркелді.
Бұл жолы Сарыағаш АПБ-не жергілікті бірнеше тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, оларды жақсы таныс емес жас әйел «белгілі бір компанияға интернет-бизнес жасауға тіркеп беремін» деп алдап, сенімдеріне кіріп, ақшаларын жинап алған. Бизнестің деңгейіне байланысты біреуі 175 000 теңге берсе, енді бірі 35 000 теңге, келесілері 350 000 теңге берген. Осылайша аталған компанияға тіркеймін деген алаяқ сөзінде тұрмай, жәбірленушілер мүлдем компанияға тіркелмеген болып шығады және ақшалары қайтарылмаған. Сол себепті полицейлерге арызданып, көмектесуін сұрады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жәбірленушілердің айтуымен күдіктінің жеке-басы анықталып, мекен-жайы тексеріліп, алаяқ жас әйел ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында анықталғандай, ол осылай алаяқтық жолмен 12 тұрғынды алдаған. Жәбірленушінің барлығына келтірілген шығын көлемі 2 500 000-ге жуық теңгені құрады. Күдіктінің бұлтартпау бас шарасы 3 жасар баласы барына байланысты «қолхат».
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыз деп кеңес береді. Жұмысқа тұруға ақша бергенде, алғанда заңға қайшы екенін атап өтті.
©️ DIDARBEK.kz