Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҚАЗАҚ ТІЛІН БИІККЕ ҚОЯ БІЛІП, БИІКТЕРДЕН КӨРІНГЕН

ҚАЗАҚ ТІЛІН БИІККЕ ҚОЯ БІЛІП, БИІКТЕРДЕН КӨРІНГЕН

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елінде бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен этностар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Оның үстіне, соңғы жылдары өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысып келеді.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына — 25 жыл. Бұл ұйымның беделі күн сайын артып келеді. Республикада болған БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды «басқа мемлекеттер үшін этносаралық келісімнің тұрақты дамудың үлгісі» деп атады. 25 жылда елімізде бірлік, тұрақтылық пен өзара келісімнің дамуына Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесі зор.


Бүгінгі мақаламыздың арқауы болған басты кейіпкер Кентау қаласында спорт саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, өз ісінің шебері, татар этносының өкілі Рамиль Фатахов жайында болмақ.

Фатахов Рамиль Рафикұлы 1989 жылы шілде айының 16-шы жұлдызында Кентау қаласында дүниеге келген. Казіргі таңда екі қыздың әкесі.

Мектеп қабырғасында жүргенде орыс сыныбында оқып, Кентау көпсалалы коледжінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша қазақ тобына оқуға түскен. Колледж қабырғасында достарының басым көпшілігі қазақ болуына байланысты төрт жылдың ішінде мемлекеттік тілді жетік меңгеріп шықты. Себебі, Рамиль оқуға түспес бұрын қазақ тіліне шорқақ еді.

Татар жігіті 2009 жылы әскерге шақырту алып, теңіз флотында Отанның мүддесі үшін қызмет етті. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, мамандығын жалғастырып, жоғары оқу орнына түсті.

Рамиль өзінің еңбек жолын Кентау қаласындағы «Ойын және су спорты түрлерінің балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде» бастады.

Жаста болса спорт саласында көптеген жетістікке ие болды. Атап айтқанда
Қазақстан панкратион кубогында жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, «Қазақша күрес», «қол күресі», «алыс қашықтыққа секіру», «суда жүзу», «граната лақтыру» сайыстарынан ІІ және ІІІ орындарды қанжығасына байлап келген.

Қала әкімдігі және «Nur Otan» партиясы Кентау қалалық филиалының атынан көптеген мақтау қағазы және алғыс хаттарымен марапатталған.

Ол өзінің болашағын тек Қазақстанмен ғана байланыстырады және қазақ елінің азаматы екенін әрдайым мақтан тұтады. Қазақстанның әрбір азаматы Отанымыздың дамуына өзіндік үлес қосу, өз Отанына патриот болу және мемлекеттік тілді білуі қажет деп есептейді. Сол себепті, қазақ тілінде сөйлейтін өзге этнос өкілдеріне таңырқаудың қажеті жоқ екендігін атап өтті. Әрқашан өзін және өзгені құрметтеу керек екендігін ұмытпайды.

Алия Курманбаева.
Түркістан облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ-і Кентау қалалық
филиалының маманы

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*