Түркістан облысының Мақтаарал ауданына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев барды. Делегация құрамына Федерацияның мүшелік ұйымдары басшылары — Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері республикалық салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы төрағасы Сұлтан Қалиев, Химия, мұнай-химия және өндірістің тектес салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Керім Пірімқұлұлы, Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы басшысы Берік Бекжанов және қоғам қайраткері Көпен Әмірбек кірді.
Бүгін екі тараптың келісімімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) және Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы (ӨКФ) тарапынан мамыр айының басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан болған су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетілді.
Қазақстан және Өзбекстан делегациясы «Өргебас» және Фердоуси ауылдарына барып, су апаты зардаптарын жою барысындағы атқарылған жұмыстардың барысымен және «Достық», «Жеңіс», «Жаңа-тұрмыс» елді мекендеріндегі су тасқыны кесірінен баспанасыз қалған азаматтарға салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
Өз тілшімізден