Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » МАҚТААРАЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

МАҚТААРАЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысының Мақтаарал ауданына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев барды. Делегация құрамына Федерацияның мүшелік ұйымдары басшылары — Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері республикалық салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы төрағасы Сұлтан Қалиев, Химия, мұнай-химия және өндірістің тектес салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Керім Пірімқұлұлы, Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы басшысы Берік Бекжанов және қоғам қайраткері Көпен Әмірбек кірді.

«Халқымыз: «Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас», — деген. Біздің күшіміз — бірлікте. Әрбір қазақстандық зардап шеккен бауырларына қолын созып, көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді, бізді бауырлас өзбек халқы да қолдады», — деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясы басшысы.
ҚРКФ басшысы Аманжолов, Мүсірепов, Фердоуси атындағы орта білім беретін және «Нұрлы жол» елді мекеніндегі мектептердің директорларына 25 ноутбук, 25 парта мен 50 орындық, 2 принтер, бір-бірден мультимедиалық тақта табыс етті.


Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің 100 тұрғынына ҚРКФ қарасты «Көктем», «Меркі», «Манкент», «Жаңақорған», «Щучинск» 5 шипажайға жолдама беріліп, денсаулықтарын нығайтып, сауықтыру ем-шараларын қабылдауға мүмкіндік алды. Тегін жолдамалар зейнеткерлерге, мұғалімдерге, сондай-ақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға да берілді.
Апаттан зардап шеккен ауданның мұғалімдеріне Республикалық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы тарапынан да елеулі қолдау көрсетіліп, 365 білім саласы кәсіподақ мүшесіне материалдық көмек ретінде 35 мың теңгеден берілді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшелік үйымдары 50 млн.теңгенің көмегін көрсетті.
Өз кезегінде Өзбекстаннан «Достық керуенін» бастап келген, Жизақ облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Өзбекстан Сенат депутаты Нусуратулла Пардаев бауырластық әрі көршілік қарым-қатынастар қазақ және өзбек халқының қатынастарының негізі болатынын атап өтті.


«Бүгін таңертең Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан біздің «Достық керуені» өтті. Біз де Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы сияқты бауырлас халықтың басына түскен осы қиындықта бейтарап қала алмадық және біздің қазақстандық әріптестердің зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету акциясына қосылдық», — деп атап өтті өзбекстандық делегацияның басшысы.
Өзбекстан кәсіподақтары жалпы сомасы 16 миллион теңге көлемінде гуманитарлық көмек алып келді, соның ішінде алғашқы қажеттілік тауарлары – құрылыс материалдары, төсек-орын жабдықтары мен азық-түліктер бар.


Қоғам қайраткері Көпен Әмірбек өз кезегінде Қазақстан және Өзбекстанның екі ірі кәсіподақ бірлестіктеріне өз ризашылығын білдірді.
«Өзгенің қайғысы деген болмайды», — дейді дана қазақ халқы. Кәсіподақтар федерациясы бірлік, ынтымақтастық пен ортақтастық атты кәсіподақтар қағидаларына беріктігін тағы бір дәлелдеді. Өз жерлестерімнің атынан Қазақстан және Өзбекстан кәсіподақтарына зор алғысымды білдіремін. Өзбек халқында тамаша бір мәтел бар. «Егер сіздің досыңыз қазақ болса, сіз жолдан адаспайсыз», — деді К.Әмірбек.

Өз тілшімізден

Пікір жазу