Республикалық «Үздік сабақ — 2020» онлайн байқауында Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Айсұлу Оспанова жеңімпаз атанды.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері, жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқытушылары қатысқан.
Екі айға созылған байқауда тіл үйренушілердің қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға арналған деңгей талаптарына сай тапсырмалар беріліп, үздік деп танылған 8 жұмыс межеге шыққан. Нәтижесінде Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Айсұлу Оспанова бас жүлдені иеленді.
Айсұлу Тойшыбекқызы орталықта 2009 жылдан бері қазақ тілі мұғалімі болып қызмет атқарады. Қазіргі таңда латын әліпбиінің түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысып жүрген білікті маман.
Айта кетсек, аталған байқау мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру, озық тәжірибені зерделеу және қорыту, инновациялық тәсілдер мен технологияларды қолданысқа енгізу мақсатында ұйымдастырылады.
Онлайн байқауға кәсіби қазақ тілінің оқытушылары, әдіскерлер қатыса алады. Тек кәсіби мамандар арасында өтетін байқауда креативті тәсілдер қолданған сабақ авторы ғана жеңімпаз болады және үздік сабақ тәжірибеден өткізіліп, оқыту орталықтарында жүйелі методикаға айналады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі