Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРЫ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРЫ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде Шымкент қаласы Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ахмет Татыбаевтың қатысуымен атқарылған жұмыстар және жоспарлар бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Ахмет Өтегенұлы аталған басқарманың 6 айлық жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарлары жайлы айтты.

– 2020 жылы қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемдер түсімі 975,916 млн теңге көлемінде жоспарланып, осы жылдың 5 айында нақты өндірілген төлемдер 440,5995 млн теңгені құрады. Яғни, жылдық жоспар 45,15 пайызға орындалды. Ал алты ай қорытындысында бұл көрсеткішті 50 пайыздан асырамыз деп отырмыз. Қазіргі таңда біздің басқармаға қарайтын «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мен «Жасыл белдеу» мекемесі бар. Өздеріңізге мәлім, бүгінге дейін «Дендросаябағының» жағдайы мүшкіл болған. Саябақта 1979 жылы 560 ағаш түрі болса, бұл күнде 200-дей ғана ағаш-бұта түрі қалған. Яғни, «Қызыл кітапқа» енген ағаш түрлері де бар. Осы олқылықтардың орнын толтырып, бүгінгі таңда ағаш түрін 350-ге жеткіздік. Алдағы екі жылдың ішінде бұл көрсеткішті 560-қа жеткіземіз. Одан бөлек, биыл саябақта басқа да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, веложол төселіп, 673 жарық беруші қоюдамыз. Мұны жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отырмыз. Сондай-ақ, әбден тозығы жеткен суғару жүйесіне қаржы бөлініп, суғару жүйелері толық орнатылады», – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, осы жылдың алты айында «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағына» 101578 демалушы келген. Нәтижесінде, жергілікті бюджетке 2 803 225 теңге салық төленген. Саябаққа кіру ақысы – 26,51 теңге. Ескертетін жайт, карантин режимі сақталуына байланысты саябақта ұсынылатын ақылы қызмет түрлері жүргізіліп жатқан жоқ.

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

 

Пікір жазу