Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ЕЛОРДА — ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

ЕЛОРДА — ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

Сарыарқаның сайын даласында Отанымыздың жаңа елордасы, өркендеу жолындағы Қазақстанның орталығы — Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы бой түзеді. Жаңа елорда салу бастамасын алғаш Қазақстанның Тұңғыш Президенті көтергені баршағамызға мәлім.

Ол кезде, тоқсаныншы жылдар ортасында бұл идея жүзеге асатынына сенгендер қатары көп болмады.

Жаңа қала салу мен оған көшу көптеген онжылдықтарға созылады деп санағандар да болды. Бірақ, бұл қала салу ісі көпшілік ойлағандай болмады. Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарыштап дамуының нышанына, миллион тұрғыны бар ірі шаһарға айналып шыға келді.

Қаланың бас сәулеткері шын мәнінде елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Оның идеясы мен ұсыныстарының арқасында Астана Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған көз тартар бірегей келбетке ие болды.

Бас қаладағы көздің жауын алар әсем ғимараттардың басым көпшілігі бүгінде елорданың ең көрнекі орындары мен қаланың өзіндік рәміздеріне айналды.

Биыл елордамыз, әлем көз тіккен көрікті бас қаламыз 22-ші мәрте өз туған күнін тойлауда.

Бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың 6 мамырындағы жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілуіне байланысты 10 маусымда аталып өтетін.

Ал 2008 жылдан бері мереке шілденің 6-сына ауыстырылып, Қазақстанда мемлекеттік мереке болып жарияланды.

Ендеше, Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі болған ЕЛОРДА күнімен баршаңызды құттықтаймын. Астанамыздың жұлдызы әрқашан жарық болсын!

 

Уәли Қыдыр,
«Ontustik» телеарнасының директоры, Шымкент қалалық Журналистер одағының төрағасы

 

Пікір жазу