Соңғы эпидемиологиялық жағдай бойынша, Шымкент қаласы ауруханаларынан 288 азамат жазылып шықты, оның ішінде пневмониядан — 209, КВИ — 47, ОРВИ — 13. Қазіргі таңда олардың жағдайы жақсы. Дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Осы орайда, қауіпті індетпен күресте аянбай тер төгіп жатқан шымкенттік дәрігерлердің еңбегі зор. Мәселен, ауыр халде ауруханаға жеткізілген науқастардың бірі 4 тәулік жан сақтау бөлімінде жатып, бүгін ол дәрігерлердің тиісті ем-домының арқасында дертінен толық айығып шықты. Қала тұрғыны өз кезегінде ақ халаттыларға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Бұл ретте, медицина мамандары қала тұрғындарына қатерлі індеттің әлі де қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді. Сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тағамдану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады.
Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінде 3555-ке жетсе, жазылып шыққандар саны 717 адамды құрайды. Жалпы елімізде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны — 48 574.
©Өз тілшімізден